Ботагөз Паридинова: Еліміздің білім саласына жаңа көзқарас керек
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында еліміздің барлық үш билік тармағы, қоғам мүшелері үшін алдағы уақыттағы дамудың мақсаттары мен міндеттерін айқындады. Жолдауда көрсетілген барлық міндеттер қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтыды. Осы Жолдау арқылы мемлекет басшысы сындарлы қоғамдық диалогқа шақырады.
Расында да заманауи қоғамдық кеңістікте әлеуметтік субъектілер арасындағы диалогтық байланыс, өзара түсінушілік пен сенім жоқ. Бұл мемлекеттегі, қоғамдағы маңызды мәселелерді түрлі ұстанымдар мен сындарлы талқылаулар негізінде еліміздің дамуындағы жаңа нұсқаларды ұсынуда кері әсерін береді. Қоғамдық диалогқа түрлі әлеуметтік және экономикалық топ, азаматтық қоғам мүшелері мен билік органдары дайын емес екендігі анық. Дегенмен, осы қоғамдық диалог мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қатынастардағы маңызды әлеуметтік қажеттілік екенін түсінуіміз қажет. Жолдаудағы негізгі басымдықтар сындарлы қоғамдық диалогқа берілгендіктен жоғарыда аталған олқылықтар шешіледі деп ойлаймыз. Сондықтан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет болып табылады.
Мемлекет басшысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» жаңа формуласын ұсынды. Бұл формула саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізі екендігі дәйектеледі. Сындарлы қоғамдық диалог та татулық пен тұрақтылық негізіне айналып, баршамызға ортақ міндеттерді жүзеге асыруға екпін береді. Ғылымда тұрақтылық қоғамдағы күштер теңгерімі, үйлесімділігі негізіндегі әлеуметтік тепе-теңдік ретінде қарастырылады. Ғалымдардың басым бөлігі саяси тұрақтылықты әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторы санайды. Ал,әлеуметтік тұрақтылық болса қоғамдық теорияның басты көрінісі болып табылады. Демек, тұрақтылық теориясы мен елімізде қалыптасқан тәжірибесін пайдалану арқылызаман талабына сай тиімді мемлекетті құра аламыз.
Президент сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түспегендігі туралы айтады. Бұл мәселе еліміздегі жоғары мектепте де өзектілігін жоғалтпайды. Оқу орындарында академиялық адалдықты сақтау ережелері мен кодекстерінің іс жүзінде болғанымен, кей жағдайда қағаз күйінде қалып қойғанын байқайтынымызды жасыра алмаймыз.
Жолдаудағы әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі іргелі міндетінің бірінші бағытына білім беру сапасын жақсарту жатады. Кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалған мектеп түлектерінің жұмыссыздар мен маргиналдар тобын құрап жатқандығына назар аударылып, оқушылардың қабілетін айқындау қажеттілігіне мән берілді. Президент жоғары білімнің сапасы, ғылым саласындағы ахуалға ерекше көңіл бөлді. Білім тұлғаның ақыл-ойы, мінез-құлқы мен қабілетін қалыптастырудың процесі әрі өнімі болғандықтан, еліміздің болашағы оқу-тәрбиемен байланысты. «Білім экономикасын» дамытуға бағытталған міндеттер де жоғары білімнің дамуына ықпал жасайды деп ойлаймыз. Ғылымның қызметі шынайылықты айқындау үшін табиғат пен қоғам заңдылықтарына сүйенген нәтижелерді жүйелендіруге бағытталады. Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бойынша зерттеулер жүргізуде қолданыстағы бәрі білетін әдістерді қолдануды азайтып, жаңа тәсілдерді ойлап табуға ерекше мән беруіміз қажет.
Мемлекет басшысы келесі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары аталып өтетіндігін мәлімдеді. Ғасырлар бойы мемлекет басқару жүйесінде ізгілік идеясымен ерекшеленетін қоғамдық ой-сананың жанашырына және Батыс пен Шығыс мәдениетін жетік меңгерген ақын, ағартушы-гуманистің іліміне деген құрмет, өскелең ұрпақтың дүниетанымдық көзқарасын кеңейтуге серпіліс береді деп ойлаймыз.
Біздің ойымызша, Жолдау Қазақстан қоғамының бүгінгі таңда туындап отырған негізгі сауалдарына жауап берді. Жолдауда көрсетілген іргелі бес бағыттардан туындаған міндеттерді жүзеге асыру баршамыздың азаматтық жауапкершілігімізді талап етеді.
Ботагөз ПАРИДИНОВА,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің докторанты,
Қызылорда «Болашақ» университетінің аға оқытушысы