Қазалыда егінге орақ түсті (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында егінге алғашқы орақ түсті. Салтанатты шараға аудан әкімі М.Ергешбаев, «РЗА» АҚ президенті, Қазалы ауданының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме-кәсіпорын мен шаруашылық басшылары, еңбек ардагерлері қатысып, егіншілердің қуаныштарымен ортақтасты.
Салтанатты шараға қатысушылар алдымен Әйтеке би кентіндегі Жанқожа баба кесенесінде болып, әруақтарға құран бағыштады. Одан кейін Ақтан батыр ауылындағы жол тартып, егістік алқабына келді.
«Сыр маржаны» ЖШС егістік алқабы басында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай мен серіктестік директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев биылғы жылғы егіннің жай-күйіне тоқталып, белгіленген мерзімде астықты төкпей-шашпай жинап алу қажеттігін тілге тиек етті.
Шарада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен ел ағалары алғашқы егін орағының лентасын қиса, еңбек ардагері Сақыбай Нармағамбетов бата берді.
Осылайша биылғы егістікке сақадай сай әзірлікпен бел буып, білек түре кіріскен сырмаржандықтар дала төсін еңбек дүбіріне бөледі.