Қызылорда облысында экономикалық өсім жоғарылады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жоспарлы көрсеткіштерді орындамаған әкімдерге тапсырма берді.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Онда Елбасы саясатының сабақтастығы көрініс тауып, Үкіметке экономиканы одан ары дамытуға бағытталған бірқатар негізгі міндеттер белгіленген. Жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы орнықты өсімін қамтамасыз етіп, оның 2025 жылға қарай 5 пайызға жеткізіп, одан да жоғарылату Үкіметтің негізгі міндеті болып саналады. Баяндамаларда айтылғандай биылғы қаңтар-тамызда ЖІӨ былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызға өсті», - деді Үкімет отырысын қорытындылаған Үкімет басшысы.
Оның дерегінше, құрылыста 11,8, сауда-саттықта 7,6, көлік саласында 5,5, өңдеуші секторында, оның ішінде машина жасауда 18, жеңіл өнеркәсіпте 17, түсті металл 17,9, мұнай өңдеуде 6,2 пайызға өсім байқалып отыр. Сонымен қатар, көмір мен қара металлургияда өсім жоқ.
«Салалық министрліктерге бекітілген нысаналы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырамын. 8 айдың қорытындысында экономиканың негізгі базалық көрсеткіштері бойынша Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері жақсы жұмыс жүргізгенін атап өткім келеді. Сонымен қатар, 8 айдың көрсеткіштеріне сәйкес құрылыс Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында, өнеркәсіп елордада, Шымкент қаласында инвестициялар бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалмай отыр. Өңірлердің әкімдеріне аса қысқа мерзімде бұл жағдайды түзетуге тапсырамын»,- деді Асқар Мамин.