АИТВ-дан қорғану тәсілі табылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ғалымдардың халықаралық тобы адам иммунтапшылығы вирусынан қорғайтын әдісті анықтады, деп жазды BAQ.KZ.
Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, паразит шистосом құрттардың дернәсілдері адамның Т-лимфоциттерін АИТВ вирусын жұқтырудан қорғайды.
Ғалымдар шистосом құрттарының жұмыртқаларынан арнайы препарат жасап шығарды. Бұл дәрі-дәрмектің көмегімен адамның дендриттік жасушалары адам иммунтапшылығы вирусына 80% төзімді болады.
АИТВ адамның иммундық жүйесін бұза отырып, басқа да инфекциялық аурулардың дамуына әсер етеді, өйткені иммундық жүйе организмді ауру тудыратын микроорганизмдерден қорғау қабілетін жоғалтады. АИТВ инфекциясын жұқтырған адам уақыт өте келе сау адамдар үшін ешқандай қауіп келтірмейтін микроорганизмдердің өзіне тез қабылдайтын болады.
АИТВ қалай жұғады?
АИТВ вирусының жұғу жолдары: Науқас адамның қаны арқылы: АИТВ вирусын жұқтырған адамның қанын құю кезінде, есірткіні көктамырға енгізу үшін инелерді, шприцтерді және басқа да материалдарды бірге қолданған жағдайда, жүктілік кезінде АИТВ вирусты жұқтырған анасының қанымен баласына беріледі. Сонымен қатар, вирус науқас адамның шәуеті арқылы, қынаптан шыққан бөлінділер арқылы жұғады.
АИТВ сілекей арқылы, қол алысқанда, бір ыдыстан тамақ ішкен кезде жұға ма?
АИТВ – вирусы зәр, нәжіс, құсық, сілекей, көз жасы және тер арқылы берілмейді. АИТВ – вирусы жанасқанда, қол қысқан кезде, сүйгенде, массаж кезінде, бір төсекте бірге жатқан кезде, бір төсек-орын жабдығын қолданғанда, бір ыдыстан ішкен кезде жұқпайды. Сондай-ақ, вирус жөтелген кезде, түшкіргенде немесе маса шаққанда жұқпайды.
Қауіп-қатер тобына кімдер жатады?
Қауіп-қатер тобына негізінен инъекциялық есірткілерді пайдаланатын нашақорлар; олардың жыныстық серіктестері; бейберекет жыныстық қатынастарға түсетін адамдар, жезөкшелер және олардың клиенттері; донорлар және қан құюды немесе органдарды трансплантациялауды қажет ететін адамдар; венерологиялық ауруларға шалдыққан адамдар жатады.
Адам АИТВ жұқтырғанын қалай біле алады?
АИТВ статусын білу үшін антиденелерді анықтайтын қанның арнайы анализін тапсыру қажет. Антиденелер табылса, адамның АИТВ-ны жұқтырғанын көрсетеді. Алайда, антиденелер қанда АИТВ-ны жұқтырғаннан кейін 3-6 айдан соң ғана табылуы мүмкін, сондықтан кейбір кезде АИТВ-ны жұқтырғанына бірнеше ай болған адам қанының анализі теріс нәтиже көрсетеді.
АИТВ-ны жұқтырған кезде көптеген адамдар ешқандай симптомдарды байқамайды. АИТВ-ны жұқтырғаннан кейін адам ұзақ жылдар бойы өзін жақсы сезінуі мүмкін. Бұл кезең аурудың жасырын (латентті) сатысы деп аталады.