Қармақшының жаңа әкімі аудандағы мектептерді аралады (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданының жаңадан тағайындалған әкімі Мұса Қалдарбеков Жосалы кентінде орналасқан №27 орта мектебі мен №30 мектебінде болып, атқарылған күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен №30 орта мектебінің 4 оқу корпусының 2 оқу корпусымен №27 орта мектебінің 1-ші негізгі оқу корпусының құрылысы аяқталып, пайдаланылуға берілген.
№27 орта мектебінде биылғы жылы жылумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту, сұйытылған газға ауыстыру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы аудандағы білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жыл сайын заман талабына сай жаңғыртылу үстінде. Биыл 8 нысанның, атап айтқанда, 1 колледж, 2 мектептің күрделі жөндеуі, 5 мектептің жылу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары бойынша жұмыстар аяқталған.
Аудан басшысы Мұса Оспанұлы күрделі жөндеуден өтіп жатқан әлеуметтік нысандарды аралау барысында атқарылған құрылыс жұмыстарын саралап, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.