Қызылордада 10 жылдың ішінде жүрекке екі мыңнан аса күрделі ота жасалған
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кардиологияда «алтын сағат» деген ұғым бар. Жүрек санаулы сәтте сыр бергенде дереу әрекет жасалатын құнды уақыт бұл. Ал, науқастар жедел жеткізілетін бірден-бір орын – облыстық кардиологиялық орталық. Ондағы білікті мамандардың еселі еңбегінің нәтижесінде жылына 200-ден астам адамға ашық ота жасалуда.

«Ұзақ уақыт бойы жүрегім ауырып келді. Операция күрделі болды. Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Мен 72 жастамын, алты баланың анасымын, немерелерім бар. Мен аймақтың барлық тұрғындарына күрделі ота жасауға басқа қалаға барудың қажеті жоқ екенін айтқым келеді. Облыстық кардиоорталықта кәсіби дәрігерлер жұмыс істейді. Оларға рахмет менің өмірімді сақтап қалды», - дейді зейнеткер Жәмила Рамазанова.
Расында қазір кардиологиялық ауруларға шалдыққан тұрғындарға басқа аймаққа сабылудың қажеті шамалы. Орталықтағы білікті мамандар 10 жыл ішінде екі мыңнан астам адамның жүрегіне ашық операция жасаған.

Жүрек хирургиясы – ең қымбат медициналық қызметтің бірі. Бір науқастың операциясына мемлекеттен 7 млн теңге қаржы бөлінеді. Жалпы, алдағы үш жыл ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қаржыландыруға 2,8 триллион теңгеден астам қаражат қаралмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтқан-ды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылуымен дәрігерлер медициналық қызметтердің сапасы мен екі жақты жауапкершілік арта түседі дейді.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі қағидаты - мемлекеттің, жұмыс берушілердің және пациенттердің бірлескен жауапкершілігі. Әрбір азамат өз денсаулығы үшін жауапты болуы керек. Уақытылы скринингтен, тексеруден өтулері қажет. 2020 жылдан бастап КТ, МРТ, гормондық зерттеулер, ісік маркерлері сияқты қымбат зертханалық және диагностикалық зерттеулер барлық сақтандырылған азаматтар үшін, оның ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз санаттары үшін ақысыз болатыны қуантады», - дейді кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Берік Дәуітбаев.
Осылайша жаңа жүйенің енгізілуімен медициналық қызметтің сапасы артып, тұрғындардың өмір сүру деңгейі жақсара түспек.