Үстіне футбол қақпасы құлап кеткен 8-сынып оқушысы көз жұмды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Әуезов атындағы мектепте 8-сынып оқушысы көз жұмды. Белгілі болғандай, дене шынықтыру сабағы кезінде жеткіншектің үстіне футбол қақпасы құлап кетіп, ауыр жарақат алған. Бұл туралы еліміздің Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 5 қыркүйекте орын алған. 8-сынып оқушысы Алихан Махатай дене шынықтыру сабағында жылжымалы футбол қақпасымен ойнап, нәтижесінде қақпа үстіне құлап, ауыр жарақат алған. Оқиға орын алған жерге жедел жәрдем шақыртылып, жеткіншек аудандық ауруханаға жеткізіліпті. Алайда дәрігерлер оның өмірін аман алып қала алмаған.
«Алихан Махатай жансақтау бөлімінде ота жасау үстінде қайтыс болған. Бүгінгі таңда аудандық прокуратура және ішкі істер бөлімімен тергеу шаралары жүргізілуде», - делінеді хабарламада.
Өз кезегінде аталған жағдай министрліктің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің жеке бақылауында болады.
Білім министрлігіндегілердің сөзінше, мектеп әкімшілігі оқушылар мен ата-аналар қауіпсіздік нұсқаулығымен таныстырылған. Қазіргі таңда мектеп әкімшілігіне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар арасында қауіпсіздік шараларын қолдану жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетсек, Махатай Алихан Талғатұлы 2006 жылы туған. Отбасында бес перзенттің ең кішісі. Отбасы материалдық жағдайы орта.
Министрліктің баспасөз қызметі алдағы уақытта аталған жазатайым оқиғаға қатысты қосымша ақпарат беруге уәде етті.