«Жылап алсаң, жеңілдеп қаласың» деген пікір өтірік болып шықты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Көз жасыңа ерік бер, жеңілдеп қаласың». Дәл осы сөздерді жиі естиміз және жылап алсақ, жеңілдеп қалатынымызға сенеміз. Көпшіліктің алдында жылау, сондай-ақ, әлсіздіктің көрінісі. Ғалымдардың айтуынша, бұл екі түсінік те 100 пайыз дұрыс емес, деп хабарлайды ВВС.
Басылымның хабарлауынша, Аустралиядағы Квинсленд университетінің психологтары зерттеу жүргізген. Ли Шармэн және оның әріптестері тарихта алғаш рет адамның көз жасын тексеретін тест ойлап тапты. «Адамдардың көзінше жылау дұрыс па? Оның қандай салдары болуы мүмкін?» деген сауал жолдап, еріктілердің жауабын жинақтаған. Нәтижесінде 40 түрлі шешім шығарған.
Одан кейін жүзге жуық адамның басын қосып, ғаламтор арқылы психолог ғалымдар сауалнама өткізеді. Басылымның айтуынша, Шармэн бастаған ғалымдар осы зерттеудің нәтижесінде мынадай 3 шешім шығарған:
– Оңашада жылап алу пайдалы.
– Оңашада жылаудың түк пайдасы жоқ.
– Көпшіліктің көзінше жылаудың да еш пайдасы жоқ.
Яғни, зерттеушілер оңашада жылаудың пайдалы я пайдасыз болуы адамның мінезі мен көзқарасына байланысты дейді.
Ал америкалық психолог Рэндолф Корнелиус 1985 жылдан бері БАҚ беттеріне шыққан адамның көз жасы туралы 72 мақаланы сараптап, оның 94 пайызында көз жасына ерік берудің пайдалы деп жазылғанын дәлелдеді.
Басылымның хабарлауынша, танымал британ психиатры Генри Модсли «эмоцияны сыртқа көз жасы арқылы шығармау көптеген ішкі органдардың ауруына алып келеді» деп жазған.
Ал көпшіліктің алдында жылау туралы Шармэн бастаған ғалымдар тобы не дейді? 2016 жылы жүргізілген тәжірибе бойынша, «жылауық әріптесті» ұжымда жұмысқа қабілетсіз деп бағалаған. Бұл тәжірибеге қатысқандар сурет арқылы жылап отырған ерлер мен әйелдерге баға берген.