Қызылордада 186 мың гектар суармалы жер игерілді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Сыр өңірінде бүгінде 186 мың гектар суармалы жер игерілген, деп хабарлайды «Хабар 24»
Президент Жолдауында суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен 3 миллион гектарға жеткізсек, елдегі ауыл шаруашылығы өнімін 4 жарым есе арттыруға болатынын айтты.
Ал Сыр өңіріндегі суармалы жер көлемі 2022 жылға дейін екі есеге жуық артып, 300 мың гектарға жетуі тиіс. Қазірдің өзінде егінге су жеткізу қиын болып тұрған аймақта, суармалы жер ауқымын еселеп арттыру үшін қандай шаралар қолға алынбақ?
Сыр өңірінде бүгінде 186 мың гектар суармалы жер игеріліп отыр. Оның 90 мың гектарға жуығына күріш егіледі. Дегенмен Сырдария өзенінің де деңгейі жылдар өте төмендеп барады. Бұл өңірдегі егін алқаптарын еселеп арттыруға айтарлықтай кері әсерін тиігізіп тұрғаны рас. Бірақ мамандар тығырықтан шығатын жол таба отырып, аймақтағы суырмалы жер көлемін 300 мың гектарға жеткізуді жоспарлап қойған.
«300 мың гектарға жеткізу үшін біз жаңадан 96 мың гектар жерді енгізетін боламыз. Бұл жаңа жерлер болғандықтан, жаңа каналдар қазылады, тамшылатып суару, жер асты суын пайдалану, коллекторлардағы суды қайта пайдалану арқылы осы көлемге жетсек пе деген міндетіміз бар», - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Қайрат Жансұлтанұлы.
Сыр өңірінің басты дақылының көлемін қазіргі деңгейде сақтай отырып, ауыспалы егістіктің де әлеуетін көтеру қажет. Бұл ретте суды аз қажет ететін мақсары, бидай, түйежоңышқа, соя, қант құмайы секілді дақылдарға басымдық берілмек. Бұлар, біріншіден малға азық болса, екіншіден жердің құнарын арттырады.
«Бұлар топырақтағы тұзды өзіне сіңіреді әрі бұл тұзды жерге төзімді, екіншіден топырақты қалпына қайтып келтіреді. Яғни екінші жылы бұл өсімдіктерді фитомилераттық өсімдіктер деп атаймыз. Өйткені бұларды жермен бірге көгін жыртатын болсақ, бұл сидератқа айналады да, яғни ол жердің биорганикалық қалпын өзгертіп, қарашірінділер көбейіп, топырақтың құнарлығы артады», - дейді Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас директоры Бақытжан Дүйсембеков.
Суармалы каналдарды тазалау, гидроқондырғыларды жаңалау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарыла бермек. Тозған немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді қайта қалпына келтіру бойынша да жүйелі жоспар түзілген.
«Сыр елі бойынша сол 3 жоба іске асқан кезде 187 мың гектар жер қайтадан қалпына келтіріледі. Бұған дүниежүзілік банкі бар, Азия даму банкі бар, 164 млрд теңге қаржы бөлінгелі отыр. Дәл осы жұмыстар іске асқан кездегі Қызылорда облысының ауыл шаруашылығының дамуына біріншіден 30-40 поцентке дейін оң әсерін тигізсе, екінші 25-30 процентке дейін суды үнемдеуге болады», - дейді «Қазсушар» РМК өндірістік уческе басшысы Жорабек Нұрымбетов.
Сырдария өзенінің Шиелі және Қараөзек тұсынан екі су реттегіш қоймасын салу мәселесі де өзекті күйде тұр. Осылайша көктемде асып-тасып жататын артық суды жаз айларында егінге тиімді пайдалану көзделіп отыр. Бұл шаралар Президент жолдауында айтылған еліміздегі суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен 3 млн гектарға жеткізу жолындағы ауқымды жұмыстардың бір парасы болмақ.