Қабдеш Жұмаділовке моңғол жазушысы не үшін ортаңғы саусағын шошайтты?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Танымал қазақ жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің Шыңғыс хан туралы айтқан пікірі Моңғолиядан келген жазушы Гун Аюрзанаға ұнамай қалған. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Азия қаламгерлерінің І форумында моңғол жазушысы Қ.Жұмаділовке лық толы залдың көзінше ортаңғы саусағын шошайтып, залдан шығып кеткен. Бұл туралы «Жас Алаш» газетінің тілшісі Бағашар Тұрсынбайұлы жазды.
Бүгін Азия қаламгерлері форумының форсайт күні. Әр елден келген жазушылар өз шеберханасымен бөлісіп жатыр. Мінбеге қазақ жазушысы Қабдеш Жұмаділов шықты.
Жұмаділов жалпы әдебиет туралы, оның ішінде жазушының міндеті не деген сұрақ төңірегінде, ұлт әдебиеттері деген түсініктер туралы сөйлей келе тарихи тақырыпқа ауысты. Өзін бірнеше тарихи роман жазған жазушы ретінді таныстырып өткен соң:
– Мен әдебиет пен тарихты бөлмеймін. Бізде жалған концепция бар. Оған тарихшылар, саясаттанушылар кінәлі. Оған империялық саясаттың қатысы бар. Біз соған қарсы күреспедік. Ол өтірік не? Шыңғыс хан түрік пе, моңғол ма? Осы мәселе әлі күнге айтылып келеді. Моңғолдарға рақмет. Өйткені Шыңғыс хан жауыз дегенде біз одан безіп шықтық. Олар ұзақ жылдар оны иеленді, – деді.
Жазушы одан әрі Шыңғыс ханды қайта тану тұрғысында атқарылып жатқан істер төңірегінде біраз тізім келтірді, қағанның түрік екеніне аздаған дәлелдер келтірді.
– Бір өтірік мың өтірікті туғызады. Өтірікті арқалап жүріп, қалай шыдаймыз. Қаламымызды шыңдайтын күш - шындық. Бұл бәрімізге ортақ нәрсе. Бәріңіз шындықты айту үшін қалам ұстап жүрсіздер. Бүкіл Азияны жайлаған, Еуропаны билеген Шыңысханды моңғол демейік. Кейінгі ұрпаққа тарихты таза күйінде өткізейік. Бұрынғы империялық саясаттың кемшілігін түзейік. Осы шындықты қалыптастыруға көмектесейік. Біздің қазақтың сөзін біреу тыңдаса, біреу тыңдамайды. Қазір түріктерден қауіптенетін ештеңе жоқ. Қазір біз өз бабамызды қайтарып алуымыз керек. Оның ұрпақтары, төрелер бәрі Қазақстанда. Осы күнге дейін Шыңғыс ханды иемденіп келген моңғолдарға рақмет, – деді Қазақстан халық жазушысы.
Бірақ, жазушының бұл сөзі моңғолдарға мүлде ұнамағаны білінді. Тіпті, осы сөзді естіп отырған моңғол жазушысы Гун Аюрзана орнынан тұрды да, жазушыға ортаңғы саусағын шошайтып, шығып кетті.
Соңыра бірінші бөлім біткенде ақын Есенғали Раушанов сахнаға шығып:
– Жаңа келген қонақтардың арасында бір сөз боп жатыр. Гун Аюрзана мырза Қабдеш Жұмаділовтің сөзіне ренжіп жатыр екен. Қабекеңнің сөзі – өзінің пікірі. Бұл қазақ халқының моңғолдарға деген көзқарасын білдірмейді. Ол жақта біздің қандастарымыз жақсы тұрып жатыр. Бұл достығымыз ары жалғаса береді, – деп қонақтардан кешірім сұрады.