Төркіндеу салты туралы не білесіз?
Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.
Төркіндеу (дәстүр). Мұның негізі «төркін« деген сөзден шыққан. Ұзатылған қыздың өз жұртына арнаулы баруы «төркіндеу» деп аталады. Мұндай жағдайда қыздың барлық туған-туысы оны қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын әперіп риза қылып аттандыруы тиіс. Төркіндеу – әр қыздың парызы және оның бір-ақ рет төркіндеп баруға хақысы бар. Төркіндеудің халықтық, дәстүрлік маңызы зор және ол әйел затына ғана тән ғұрып.
Дәстүрімізде қыз – төркіндеп, күйеу қайындап, жиен нағашылап барады. Осы жерде қыздың төркіндеуінің ел-жұрт алдында да, дін алдында да ерекше маңызы бар қағидалы жол екенін айта кеткен жөн. Өмір бар жерде өлім де болады. Мысалы, қазақ әйелі, мейлі ол жас, мейлі жасамыс болсын, көз жұмып, намаз шығарылар алдында молда: «Бұл әйел төркіндеді ме?» – деп сұрайды. Бұған марқұмның төркіндері, яғни әке-шешесі, туған-туыстары, қайын жұрты жауап беруге тиіс. Егер әртүрлі себептермен төркіндей алмаса, оның жаназаға қатысып отырған етжақын туыстары сол жерде марқұм болған әйелдің төркіндеу рәсімін жасауы керек.
Ол былай жасалады: аталаған туған-туыстары: Осы марқұм болған апамыз не сіңіліміз, не қызымыз (қайтыс болған әйелдің руы, әке-шешесінің, өзінің аты-жөні айтылады) төркіндеп келгенде бергеніміз», деп, ақша тастайды немесе мал атайды. Оны молдалар растап дұға оқиды. Сөйтіп, марқұм төркіндеген және өз парызын өтеген болып есептеледі. Бұлай болмаған жағдайда марқұмның арттағы туған-туыстарына ауыр парыз болып қалады. Бұл жол жоралғы – таза қазақ үлгі-өнегесі, тәртібі, ата-бабаларымыз салып кеткен жөн-жосық. Мұны бүгінгі қазақ әйелдері ескерген жөн. Аналары да, қыздары да осы қағиданы ұстап, тәлімі мен тәрбиесі зор ұлттық мәдениетіміздің осындай жақсы үлгілерін өмірге енгізуі қажет. Бұл өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сыйлағанымыз болып саналады.
Дереккөз: Reactor