Қызылордада өрттен екі бүлдіршінді көршісі құтқарып қалды (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы «Ақмешіт» шағын ауданындағы №16 тұрғын үйдің №97 пәтерінде өрт оқиғасы орын алды.
Өрттің шығуына балалардың оттықпен ойнауы себеп болған. Құтқарушылар оқиға орнына жеткенше көршісі екі баланы құтқарып, терезеден аман алып шыққан.
– Үйімде шай ішіп отырып көрші үйден кішкентай қыздардың «құтқарыңдар» деп айқайлаған дауыстарын естідім. Сөйтіп, терезе арқылы балаларды құтқаруға кірістім. Ас бөлмемнің терезесі арқылы дүкеннің шатырына шығып, үстел қойып, бірінші кішкентай қызды дүкен шатырына түсірдім, содан кейін екінші қызды терезеден шығардым. Екі қызды көршілерге табыстадым. Олар өрт сөндіруші қызметі мен жедел жәрдем шақыртты. Осы оқиға барысында өзімнің де қан қысымым көтеріліп кеткендіктен оқиға орнына жеткен мамандар медициналық көмек көрсетті, - дейді қыздарды құтқарған Нұрсұлу Паданова.
Бейбіт күннің батыры Нұрсұлу Паданова «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» балалар орталығының дефектолог-маманы. Қауіп-қатер төнген күні өз басын қатерге тігіп, жедел әрекетке көшіп екі бүлдіршінді өрттен құтқарған Нұрсұлу өз отбасында жұбайы екеуі 4 бала өсіріп отыр.
Айта кетейік, өрттен құтқарылған балалардың түтінге улану деңгейін тексеру, оларға ем шара жасау үшін облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Балалардың физикалық жағдайлары тексеріліп, үйіне қайтарылған.
Комментарии 1