Қазалыда қылмыстық істі жасырған полиция бөлімінің әрекеті әшкере болды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Қазалы ауданында заңсыз ойын бизнесін жүргізген азаматқа қатысты қылмыстық істі аудандық полиция бөлімі жасырып келген. Бұл заң бұзушылықты Қазалы аудандық прокуратурасы анықтаған.
Аудандық полиция бөлімі заңсыз ойын бизнесі арқылы жеңіл жолмен ақша тауып жүрген жергілікті тұрғынды қолға түсірген. Полиция қызметкерлері оқиға орнын тексеру барысында заттай дәлел ретінде ойын бизнесіне арналған құрал-жабдықтар тәркілеген. Дегенмен аудандық ішкі істер бөлімі тарапынан құқық бұзушылыққа жол беріліп, іс сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тіркелмей, қылмыс жасырылған.
Аудандық прокуратура тарапынан қолға алынған жұмыстар нәтижесінде бұл қылмыс ҚР Қылмыстық Кодексінің 307-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркелді. Бүгінде қылмыстық іс Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жолданған.
«Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесі анықталды. Қылмыстық іс бойынша Қазалы аудандық соты үкім шығарды. Жазаға тартылған тұрғынға 600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, Қазалы аудандық прокуратурасы аудан көлемінде заңсыз ойын бизнесінің жолын кесу және алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды. Прокуратураның бастамасымен жүргізілген шаралар нәтижесінде заңсыз ойын бизнесіне қатысты 8 қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданып, сот үкімімен кінәлілер тиісті жазасын алды», – деп мәлім етті Қазалы аудандық прокуратурасы.