Жолдауды орындауға бірінші басшылар жауапты болады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Премьер-министр Асқар Мамин мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бірінші басшылар жауапты екенін еске салды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бірінші басшылар дербес жауапты екенін назарларыңызға саламын. Президенттің әрбір тапсырмасын орындау қатаң бақылауға алынып, орындаудың нақты мерзімі белгіленуі қажет. Біз қойылған міндеттерді тиімді шешу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуіміз керек", - деді Мамин үкімет отырысында.
Премьер жолдаудағы барлық бағыт бойынша жалпыұлттық іс-шаралар жоспары әзірленетінін атап өтті.
"Жолдаудың іске асырылуы толығымен қаржылай қамтамасыз етілуі қажет", - деді ол.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға іс-шаралар жоспарына қатысты ұсыныстарды ұлттық экономика министрлігіне 5 қыркүйекке дейін өткізуді тапсырды. Ал министрлік тиісті қаулы жобасын 7 қыркүйекте үкіметке енгізуі керек.
Маминнің айтуынша, жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын президентке бекітуге енгізу үшін ол келесі отырыста мақұлдануы тиіс.