Қызылордадағы мектептердің алдында жол белгілері жетіспейді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Облыстық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері жаңа оқу жылының басталуына байланысты облыс орталығында орналасқан білім беру ұйымдарының айналасында жол қозғалысын реттейтін техникалық құрылғыларға зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде, облыс орталығындағы біршама білім беру ұйымдарының алдында жол қозғалысын реттейтін бірқатар жол белгілері жетіспейтіндіктері және жол үсті таңбаларының өшіріліп көрінбей қалғандығы белгілі болды.
Анықталған кемшіліктер бойынша қала әкімінің атына хабарлама-ұсыныс жолданды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне жолданған нұсқама негізінде, қазіргі таңда 26 дана жол белгілері қайта қалпына келтірілсе, жаңадан 34 жол белгісі орнатылған. Сондай-ақ, тал бұталары кесіліп, 88 жерде жаяу жүргінші жол үсті таңбалары жаңартылды.
Дәл осындай жұмыстар облыс бойынша барлық аудандарда жүргізілуде.