Ләйлә Сұлтанқызы қызылордалық журналист пен танымал әзілкешті сотқа берді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Отандық танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы «Өз ойым» бағдарламасына келіп, пәктігін сататынын айтқан арудың дауын заң жүзінде шешпек. Ол ел арасында шу тудырған бұл жағдайға қатысты белсенді түрде пікір білдірген белгілі журналист Бибігүл Дәулетбек пен әзілкеш Нұрболхан Шараповты сотқа берді. Бұл туралы Ләйлә Сұлтанқызы өзінің Instagram парақшасында жазған.
Тележүргізуші Бибігүл Дәулетбек пен Нұрболхан Шараповқа шындықты білмей жатып жала жапты деген айып таққан.
«Құрметті оқырмандар! Сіздермен біраздан бері жиналған, сұрауы көп, жауабы болмаған ақпаратпен бөліскім келеді. Әрқайсыларыңыз жеке тұлғасыздар. Әр адам өз құқықғын білу керек, қорғау керек. Өміріңізге қатысты балағат, ауыр сөз айтып, жеке басыңызға өзге адам қол сұққанда, көбіне үнсіз қалып жататындарыңызды да білем.
Менің белгілі бір тұлғаларға қатысты шағымданғаным рас. Осы уақытқа дейін кейбір адамдар шындықтың түбіне жетпей жатып, асыра сілтеп, жарыса сөйлегендер саралаусыз балағаттап, қаралап, қарғап жатты.
Қандай бағдарлама жүргізсем де, оған қатысқан адамдардың жеке пікіріне байланысты, жалпы бағдарлама жайлы кез келгеннің ой қосуына, пікір білдіруіне, наразы болуына құқығы бар! Кімді қолдайсыз, кімді қолдамайсыз ол да сіздің өз еркіңіз, құқығыңыз! Бірақ, менің жеке басыма өтіп, адамның ар-ұжданына тиіп, намысын табалауына ешкімнің құқығы жоқ! Сол себепті, ендігі кезек сот процессінде» , - деген өз жазбасында Ләйлә Сұлтанқызы.
Ал, Л. Сұлтанқызының адвокаттары сотқа шағымдануға әлеуметтік желілерде тележүргізуші жайлы көрінеу жалған мәлімет тарату және ар-намыс пен абыройға нұқсан келтіретін пікірлер себеп болғанын айтқан.
«Конституцияның 17-бабына сәйкес адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Жеке адамның қадір-қасиеті жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекеттер үшін жауапкершілікті көздейтін Қылмыстық кодекстің нормаларымен қорғалады. Олардың арасында жала жабу және адамды қорлау. Егер адамның «пікірі» болса, онда ол басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын шеңберден шықпауы тиіс», – деп мәлімдеді Ләйлә Сұлтанқызының құқыққорғаушылары.
Л. Сұлтанқызының тарапынан өздерінің үстерінен іс қозғалып жатқандарын әзілкеш Нұрболхан Шарапов пен журналист Бибігүл Дәулетбек те өз парақшаларында растаған.
Бибігүл Дәулетбек: «Айналып қана кетейін Халқым менің, Нұрболхан екеумізге алаңдап жатқан Сіздерге мың алғыс! Әзірге менің қорғаушым Айман Омарова сөйлесін. «Аққа Құдай жақ» демекші, мен бүтін Ұлттың мәселесіне араша түсіп, қызын қорғадым. Сондықтан да, өзімнің бұл позициямды дұрыс деп ойлаймын. Ендігі бұл мәселемді Айман Омарова ханымның парақшасынан қарап отырасыздар» десе, ал, Нұрболхан Шарапов: «Журналист Бибiгүл Дәулетбек екеумiзге «Жала жапты», «Қорлады» деген айып тағылып жатыр. Қазақ қызының ары үшiн шырылдасақ, Арыңмен бiрге ары ойна боп тұр ғой. Ендi, сотта Ләйлә Сұлтанқызына жала жабылғаны туралы жауап беремiз. Ал, Қазақ қыздарына жабылған жалаға кiм жауап бередi? Қытай, Қырғызстан елдерi «қазақ қыздары арларын сатып жатыр"» деген, елiмiзге жабылған жаланы қалай көтеремiз?
Қысқасы, бәрiн Сот шешедi» деп жазба қалдырған.
Айта кетейік, ғаламтордағы ашық дерек көздерінде журналист Бибігүл Дәулетбектің қызылордалық екендігі айтылады.