Еліміздің полицейлеріне алатаяқтары кері қайтарылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Елімізде полицейлеріне жол бойындағы қозғалысты реттеу үшін алатаяқты қайта қолдануға рұқсат етілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ішкі істер министрлігі 1 қыркүйектен бастап жол қозғалысын реттеу үшін алатаяқты қолдануға көшеді. Айта кету керек, алатаяқтар тек жол қозғалысын реттеу үшін, әсіресе тәуліктің қараңғы уақытында және нашар көріну жағдайында, сондай-ақ: жол-көлік оқиғалары және жолдарда кептеліс пайда болғанда, оның ішінде бағдаршамдар істен шыққанда; көлік құралдарының ұйымдасқан колонналарын алып жүру кезінде; терроризмге қарсы операцияны және (немесе) күзет іс-шараларын өткізу уақытында; табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын болдырмау және (немесе) жою кезінде қолданылады», - делінген ҚР ІІМ ақпаратында.
Енді полицейдің үстінде сары түсті кеудеше, жарық шағылыстырғыш қолғап, сондай-ақ алатаяқ, және ысқырғыш болады.
«Бүгінгі күні автожолдардағы патрульдік полиция жұмысы толығымен автопатрульдеуге ауыстырылғанын атап өту қажет. Яғни көлік құралдарын тоқтату арнайы жарық-дыбыс сигналдарын және дауыс зорайтқыш құрылғылар пайдалана отырып, алатаяқ қолданбай, сигнал беру арқылы автопатрульдеу режимінде жүзеге асырылатын болады. Полиция қызметкерінің көлік құралдарын қолмен белгі беріп тоқтатуына жол берілмейді. Алатаяқтарды қолдануға көшу үшін бюджеттен қаржы талап етілмейді. Өйткені бұрынғы алатаяқтар сақталған», - деп атап өткен министрлік.