Әмиянды дұрыс таңдап үйреніңіз
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Әйелдерге арналған әмиян немесе портмоне – ақша сақтайтын орын ғана емес, стильді қайталанбас аксессуар саналады. Талғаммен таңдалған сөмкедегі таңдаулы әмиян қожайынның мақтанышына айналып, құрбыларының қызғанышын оятады. Енді осындай ерекше әмиянды қалай таңдауға болады? Жазба осы туралы болмақ.
Алдымен әмиян пен портмоненің айырмашылығын біліп алайық. «Портмоне» сөзі француз тіліндегі «моно» – ақша, «порт» – сақтау» деген сөзден шыққан. Екеуінің бір-бірінен басты айырмашылығы – көлемі мен құрылымында. Портмоне әмияннан кішірек болады және құрылымы қағаз ақшаға ұқсас келеді. Портманенің басты қызметі – визитка, чек, карточка сынды қағаздарды сақтайды. Бұлардың ішінде әрине қағаз ақша бар. Ал әмиян екпінді қағаздарға емес, ұсақ-түйектерге қояды. Ел арасында портмоне ерлер әмияны деген ұғым қалыптасқан, алайда, қыздарға арналған портмонелер де бар. Ал әмиян – таза әйелдер аксессуары.
Тарих беттерінен...
Ерте кездерде адамдар әмиян орнына қарапайым қалтаны пайдаланды. Арнайы тігіп, киімге жалғап қоятын болған. Ол кездерде ауыр мыс тиындар пайдаланылғандықтан, осындай қалталар әбден ыңғайлы еді. Алғашқы пайда болған әмияндар таза теріден, кенеп матадан тігілді. Бұлар мойынға ілінетін немесе белдікке қадалатын. Ақсүйектер өздерінің барқыттан, жібектен тігіліп, бағалы тастармен безендірілген әмияндары арқылы ажыратылды. Біз білетін әмияндар қағаздың пайда болуымен тығыз байланысты.
Ал қазір әйел талғамы әмиянмен өлшеніп жатады. Ол қанша сұлу болып тұрса да, дұрыс таңдалмаған әмиян көзқарасты мүлде басқа арнаға бұрып жіберуі мүмкін. Әдемі әмиян әріптеске де, анаға да, әпке-сіңліге де, сүйікті жарға да тамаша сыйлық бола алады. Қанша уақыттан бері бұл сыйлық өзектілігін жоғалтпай келеді.
Әмиянды таңдауда назар аудару керек:
Көлемі
Әмиянды таңдауда басты назар аударатын нәрсе – көлемі. Көлемі дұрыс таңдалмаған жағдайда, ерте ме, кеш пе, әмиян тым кішкентай немесе тым үлкен болып көрінеді. Екінші жағынан, үлкен әмиянды сөмкеге сыйдырта алмайсыз, кішкентайға зат сыйдыра алмайсыз. Әмиянға салатын заттарыңызды реттеп алыңыз, тиын, сырға, жүзік секілді бағалы заттарыңыз көп пе? Мұндай жағдайда ішінде қосымша сырмасы бар әмиянды алыңыз. Кілт және косметика салатын қалталары бар әмияндар да бар. Егер әмиян ақша, кредиттік карта, чек салу үшін керек болса былғары портмонеге тоқтаңыз. Олар бір мезгілде 6-7 картаны сыйдыра алады.
Қосымша қабаттары мен қалталары
Жоғарыда айтылған кредиттік карталардан басқа, төлқұжатқа, жүргізуші куәлігіне, чектік кітапшаға, жол жүру қағаздарына, студенттік билетке арналған қабаттары бар әмияды қарастырыңыз. Балаңыздың, сүйіктіңіздің суретін қоюға болатын орын да болсын. Сізге сырмалы әмиян ыңғайлы ма, әлде батырмалы портмоне дұрыс па? Артынан өкінбес үшін осыны да дұрыс таңдаңыз.
Материал
Әмиян материалы да жетекші рөл атқарады. Қазіргі кезде ең кең таралған мына төрт материалды атауға болады:
Жасанды материал;
Экобылғары (жасанды мен табиғидың ортасында);
Тоқыма (ғұмыры ұзақ емес, ілініп қалса, жарамсыз болып қалады);
Табиғи былғары. Табиғи былғарының сапалы екенін айтпаса да білесіз. Алайда оны ажырату өте қиын. Базардан немесе көше дүкендерінен алған әмиянда арнайы затбелгі немесе орамасы болмаса, ойланып сатып алыңыз.
Сапасы
Тігісін тексеріңіз. Ол біртегіс әрі бірыңғай болсын. Арасында шығып тұрған жіптері болмау керек. Іштігін де тексеріңіз. Арзан мата болса, тез арада жыртылып қалады. Сырмасын, ілгегін, түймесін де қарауды ұмытпаңыз. Олар оңай ашылып-жабылу керек.
Түсі
Түстер маусымға байланысты таңдалады. Мысалы, сары, алқызыл түстерді қыстың суығында пайдалану әбес көрінеді емес пе? Ал сәннен қалмайтын түстерге тоқ сары, қызыл, қара түстер жатады, кейде көк, жасыл түстер де аталады. Мамандар әмиянды киімнің, аяқ киімнің, бас киімнің түсіне қарап таңдауға кеңес береді.
Үлгісі
Үлгіні өз стиліңізге қарап таңдаңыз. Мәселен, әрдайым классикалық стильде жүретін әйелдер ашық түсті тастармен безендірілген, ашық түсті былғарыдан жасалған әмияндарды таңдай алмайды. Таңдауға болады, бірақ, басқа стильде жүргенде ұстаңыз. Шығармашылық адамы болсаңыз, барлық шекарадан асып кете аласыз. Танымал брендтердің әмияндары мен портмонелерін сатып алуға тырысыңыз. Сондай-ақ, той-жиынға ұстайтын бір бөлек, күнделікті көшеге, базарға ұстайтын бөлек әмиянның болғаны жақсы.
Қандай әмиян таңдасаңыз да, оның сіздің талғамыңыздан хабар беретінін ұмытпаңыз. Осылай екен деп, өзіңізге емес, өзгеге ұнайтын әмияндардан аулақ болыңыз. Қалай болғанда да, қарай бергіңіз, ұстай бергіңіз келетін әмияннан тәуірі жоқ.