Қызылордалық полицейлер Конституция күнін атап өтті (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Мемлекеттік Рәміздер аллеясында Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы және Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы, ішкі істер органдары ардагерлері қатысуымен мерекелік шара өтті.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Туы әкелініп, мемлекеттік Әнұран орындалды. Одан кейін ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғынбаевтың арнайы құттықтау жеделхаты оқылды.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сұлтан Бектөре сөз алып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Қызметтік міндетін қажырлы әрі адал орындаған ішкі істер органдарының қызметкерлерін марапаттады.
Сондай-ақ, ішкі істер органдарында көпжылғы еңбегі мен мінсіз қызметі үшін ардагерлер департамент басшысының Құрмет грамотасына ие болды.
Қызмет бабымен жүріп ерлік жасаған 3 қызметкерге де марапаттары салтанатты жағдайда табыс етілді.
Мерекелік шара жеке құрамның салтанатты шеруімен аяқталды.