Күзде не істеуге болады?
Бүгін күздің алғашқы күні. Оқушылар мектепке, құстардың жылы ұяларына асығатын уақыты. «Жазғы демалысты қалай өткізіп едім?» деп ойға шоматын, «Қыста не істеуге болады?» деп дайындалатын кез. Ал күзде не істеуге болатынын білеміз бе? Шығармашылыққа жақын адамдар бұл маусымнан ләззат алады, сары-қоңыр түсті ғажайыпты жай өткізіп алғысы келмейді. Сіз де сол сезімді сезініп көріңіз.
Жапырақтарды жинау
Күз ортасында мектептерде дәстүрлі «Алтын күз» байқауы басталады емес пе? Жапырақтардан көйлек дайындайтын сыныптастарыңыз есіңізде шығар?! Оқушы кезіңізде «Еңбекке баулу» пәнінде икебанаға дәл сол жапырақтарды қолданғаныңыз ше? Кітап ортасына жапырақ салып қоятын жандардың қатарындасыз ба? Бұл жылы да сол дәстүрден айнымаңыз. Әдемі деп таныған жапырақтарды таңдап алып, үйдің ішін безендірсеңіз, бұл маусым «ішіңізді пыстырмайды». Жапыраққа қосымша шырша, қарағай бүршігін (шишка) жинасаңыз болады.
Дәстүрлі «ТойҚазан» фестивалі
Ұлттық тағамдар мерекесі жыл сайын Алатау баурайында өтеді. Биыл да өтпекші. Егер алматылық не қала қонағы болмасаңыз, өз ауылыңызда (қала, мектеп) өткізуге болады. Өте қызықты шара. Ұлттық киімдермен, күзгі қоңыр салқын ауамен, тыныштықта өтетін шараны өзіңіз ұйымдастырсаңыз, құба-құп.
Театрға бару
Театр маусымының ашылу сәті – осы күзде. Еліміздің барлық өңірінде театрлар өз жұмысына қызу кіреседі. Алдын ала аңдатпаны тексеріп, өзіңіз қалаған қойылымға, отбасыңызбен, сүйіктіңізбен, дос-құрбыларыңызбен барып, романтиканы сезінсеңіз болады. Осы жолы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Фариза» спектаклі өтеді.
Келесі кезекте real өмірде қысқа дайындықты да бастау керек
Қысқы «көлікті» дайындау
Көліктің дөңгелегін қысқы маусымға дайындап қоюды естен шығармаңыз. Күз кезінде көлің дөңгелегін дайындасаңыз, қалтаңызға да үнемді болады. Тежегіш, жылытқыш, аккумуляторын егжей-тегжейлі тексергеніңіз де артық етпейді.
Үй терезелерін тексеру
Әдетте үй терезелерінің төменгі қуыстарынан ызғар соғып тұрады. Соның алдын алу мақсатында қазірден терезелерді бір тазалап, төменгі қуысын мықтап бекітіп қою керек.
Қысқы киім
Қысқы киімдеріңізді дайындағаныңыз да абзалырақ. Егер бүлінген жері болса, тігіп, тазалап, дегендей. Ал егер жоқ болса, қазіргі арзан бағамен сатып алсаңыз болады. Қыс маусымы жақындағанда олар да қымбаттайтыны рас.
Қысқы азық
Кеш пісетін таңқурай секілді жидектерден тоспа, джем жасап алуға әлі де кеш емес. Салаттар мен тәттілерді қазір де дайындай берсеңіз болады. Ол үшін саудагерлерге алданып қалмай, сапалы әрі дәмділерін алу керек.
Көкке шығу
Ауа райын алдын ала ескеріп, көкке келесі жазға дейін шығып алуға болады. Әсіресе, күз ортасы – Алатаудың кей тұстарында жабайы алма өсіп тұратын шағы. Сол уақытта тамағыңызды дайындап алып барсаңыздар, алма теріп, күзгі самалмен ойнап, қысқа қуат жинап қайтасыз.
Соңғысы, жапырақ сықырын есту…