Бақытбек Смағұл 1 сыныптың «Ағылшын тілі» кітабынан көптеген қателер тапты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл 1 сынып оқулығынан көптеген қателер тапқан. Бұл туралы депутат «Facebook» парақшасында «Оқулық па, олқылық па?» деген тақырыппен жазба қалдырды.
«Білім күні» есік қағып тұр, ал мектептер өз шәкірттерін қате өріп жүрген оқулықтармен қарсы алмақ» деп басталған депутаттың бұл жазбасына Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтына орналастырылған жаңа оқулықтағы өрескел қателер түрткі болған.
«Биылғы 13 тамыздағы Үкімет отырысында БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетовтың «1 қыркүйектен бастап, оқушылар мен ата-аналар электронды оқулықтарды Білім және ғылым министрлігінің сайтынан жүктеп ала алатынын» мәлімдегені есте. Уәде етілгендей, олар қазір сонда тұр. Оқулықтарды қарап отырып, оларда жолыққан жөнсіз қателіктер жанға батып, жігерімді құм қылды. Бұл бір кетпейтін кесел, бітпейтін түйткіл болды", - деп жазды Бақытбек Смағұл.
Оның көтеріп отырған мәселесі Білім және ғылым министрлігі бекіткен, жалпы білім беретін мектептердің 1-сынып оқушыларына арналған Н.Мұхамеджанова аударған ағылшын тілі пәнінің оқулығы – «Smiles 1 Pupil's Book for Kazakhstan Grade 1» туралы болып отыр.
Депутат оқулықтан төмендегідей біршама өрескел қателіктерді анықтаған.
«Мәселен, түстер бөлімінде «blue» орысша «голубой» деп берілсе, қазақша «көк» деп аударылған. Дұрысы, әрине, «көгілдір».
«Pink» орысша «розовый» делінсе, мемлекеттік тілде «ал қызыл» деп көрсетіліпті. Дұрысы, бұл – сөз тіркесі емес, бір сөз, бірге жазылады.
Бұрыс жазу сандар бөлімінде де байқалады. Мәселен, three қазақшасы «уш» деп беріліпті. «Table» қазақшасы «устел» екен.
«Big» дегеніміз «улкен» көрінеді. «Ү» әрпінің кімге, неліктен ұнамай қалғаны, оған не себептен қырғидай тиіп, жөнсіз алмастырылғаны түсініксіз.
Бір қызығы, «Chicken» «таүық» болып, «у» әрпі негізсіз «ү»-ге өзгертілген.
Сорақы тәржіма мұнымен бітпейді. «Doll» немесе «кукланың» қазақшасы қалай деп ойлайсыз? Білетін боларсыз. Ал мына оқулық кесірінен балаларымызға оны мектепте «қуыршық» деп үйретеді.
Қазақ тілінің үндестік заңдылығына, тілдің фонологиялық ерекшеліктеріне сай «машинаны» «мәшине» деп жазу 2017 жылы қабылданған болатын. Бұл термин А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген қазақ тілінің орфографиялық сөздігіне кірді және өзге оқулықтарда жаппай қолданылуда. Бірақ ағылшын тілі пәнін әзірлеушілер жаңалық тауып, оны «мәшіне» деп аударыпты.
Атап өту керек, орысша аудармаларының жазылуында бір де бір қате жоқ.
Жауапты тұлғалар, оқулықты әзірлеушілер, олардың үстінен қараушылар бірінші кезекте орыс және ағылшын тіліндегі нұсқаларының дұрыс болуына баса мән бергенге ұқсайды.
Ал мемлекеттік тілдегі нұсқасы «әйтеуір бар болса болды» деген немқұрайлылықтың құрбаны болған сыңайлы.
Мұндай оқулықтар сауаттандыру орнына, сауатсыз ұрпақ қалыптастыруға, мемлекеттік тілді өрістетуге емес, өмірем қаптыруға ықпал етпек!
Оқулықта басқа да ақылға қонбас дүниелер бар. Мәселен, онда Қазақстан туы көрсетіліп, қасына «Алдар көсенің дөңгелек жүзі және қысық көзі болған» деп ағылшынша жазылған.
Алдар көсенің кім екенін білмейтін, тек көк тудың қазақтарға қатысы барын түсінетін қазіргі балаларға бұл мәлімет нендей ұлағат-өнеге береді?
2016 жылдан бері қолданылып келе жатқан бұл оқулықта ескі ақпараттар жүр. Мәселен, ағылшын тілінде «Бұл – менің елім Қазақстан. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» делінген. Немесе: «Бұл – Астана. Ол Қазақстанның астанасы», - деп жазды Бақытбек Смағұл.
Депутат жазба соңында бұл мәселелерді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов назарға алып, қателерді түзер деген сенім білдірді.