Жаңақорғандық дихандар күрішке орақ салды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Дала мерекесі «Түгіскен тәжірибе шаруашылығы» ЖШС егіс алқабында ұйымдастырылды. Оған Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, шаруа қожалық төрағалары, сала басшылары мен ардагерлері қатысты.
Ауданда ауылшаруашылығы саласымен айналысатын барлығы 781 шаруашылық құрылымы болса, оның 485-і егін шаруашылығымен айналысады. Яғни жер-анадан ырысын айырған диқандар. Соның ішінде 200-і күріш егеді.
«Жаңақорған ауданында агрокешенді дамытуға бағытталған кешенді бастамалар бар. Бірнеше жыл бұрын өнімділігі жоғары күріштің тұқымдары аудандастырылды. Инвестиция тартуға жұмыс жасадық. Агроиндустриялық аймақтар құрдық. Нәтижесінде 2017 жылы Сыр өңірі бойынша «Үздік аудан», 2018 жылы «Озат аудан» атандық. Алдағы уақытта мұнымен тоқтамай, өнім өндейтін секторды дамытуға күш саламыз», – деді аудан әкімі Ғалым Әміреев.
«Түгіскен тәжірибе шаруашылығы» ЖШС еншісінде 2040 жер болса, оның 1245 егістік жер. Биыл 530 гектарға күріш егілсе, 143 гектары күздік бидай, ал 572 гектарға жоңышқа егілген. Мұны шаруашылық басшысының сөзінен ұқтық.
«Дала күні 2019» семинарына келіп, қуанышқа ортақтасып жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Алғашқы орақтың гектарынан 40-45 центнерден өнім аламыз деген меже бар. Өнімділікті арттыруға барынша жұмыс жасадық. Күріштіктің әр гектарына 500 келіден сульфатаммоний тыңайтқышын, 200 келіден амофос тыңайтқышын бердік», – дейді «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығы» ЖШС төрағасы Нәметулла Рүстемов.