Шиеліде әйелдер форумы өтті (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында «Отбасы, әйел – ана – нұрлы болашақтың алтын арқауы» атты аудандық әйелдер форумы өтті. Шараны «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Жиынға аудан әкімі Ә.Оразбекұлы, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет, барлық ауылдық округтердегі әйелдер кеңесінің төрайымдары мен әр саланың ардагер нәзікжандылары, кәсіпкер әйелдер мен көпбалалы аналар қатысты.
Әйелдер форумы таңертеңгілік «Арман» мәдениет үйіндегі семинардан бастау алды. Ғимаратта аудандағы «он саусағынан өнер тамған» ісмер әйелдердің қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылыпты.
Семинар барысында аудан басшысы Ә.Оразбекұлы ауданның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар әйел-аналарды диплом және алғыс хаттармен марапаттады. Жиын соңында бүкіл аудан аналарына арналған үндеу оқылды. Содан соң аудан ақжаулықтылардың ой-пікірлері мен бата-тілектері тыңдалып, семинар қорытындыланды.
Форум әйелдердің «Гежуба Шиелі Цемент» зауытына сапарымен жалғасты. Зауыт басшысы Ли Цзиньцин ақжаулықтыларды өзі күтіп алып, кәсіпорынның жұмыс барысымен таныстырды. Одан соң зауыт ішіндегі орталықтан басқару бөліміне апарып, цементтің жасалу жолын көрсетті. Зауыттың конференция залында өткен жиында Ли Цзиньцин мұнда еңбек етіп жүрген 260-қа жуық қызметкердің 47-сі қытайлық, қалғанының барлығы аудан азаматтары екенін айтты.
Айта кетейік, Шиелі ауданында мемлекеттік қызметтегі әйелдердің саны 78, ал 15 мәслихат депутаты болса, оның 4-еуі әйелдер екен. Сондай-ақ білім саласында 83, денсаулық сақтау саласында 74 пайыз нәзікжандылар еңбек етуде. Қызылорда облысының «Құрметті азаматтары» қатарындағы 3 әйел шиелілік болса, 105 Шиелі ауданының «Құрметті азаматының» 13-і – әйел-аналар.