Аралдағы Жаңақұрылыс елді мекеніне жол құрылысы басталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Арал ауданынан шалғай, яғни 165 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңақұрылыс елді мекенінде көптен бері қозғалып келе жатқан мәселе шешімін тапты.
Қазалы ауданының Бекарыстан-би ауылы мен Арал ауданы Жаңақұрылыс елді мекенінің аралығындағы халықтың күнделікті қатынап отырған 22 шақырымы Арал ауданының теңгеріміне алынған еді. Жолды жөндеуге қаражат бөлу аудан әкімінің биылғы есепті жиынында жергілікті тұрғындар тарапынан айтылған. Сөзден гөрі істі талап ететін аудан басшысы Мұхтар Оразбаев халық тілегін жерге тастамай жол жөндеу жұмыстарының басталуына ықпал жасады.
Сырдария өзенінің бойына салынып жатқан көпір біткеннен кейін облыс көлемінде, облыс көлемінен тыс жерлерге Жаңақұрылыс елді мекені арқылы Қаратерең, Ақбасты, Құланды, Қарашалаң, Тастақ елді мекенінің тұрғындары өз өнімдерін, теңізден аулаған балықтарын сыртқа шығарып, кәсіпкерліктерін дамыта алады. Әрине, жолдың жайлылығы, жақындығы керек. Осы себептен жұрттың «Қаз-автожол» АҚ, облыстық жолаушылар көлігі және автомобил жолдары басқармасы Жаңақұрылыстағы жолмен шектеліп қалмай, Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан-би ауылына дейінгі 13 шақырымды да реттесе деген тілегі бар.