Абайдың туған күні 23 тамыз емес
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне қатысты екі ұшты пікірлер оның 175 жылдық мерейтойы жақындаған сайын қыза түскені мәлім. Белгілі абайтанушы ғалым Асан Омаров: «Абай Құнанбайұлының туған күні 23 тамыз емес. Егер ақынның туған күнін осы күні тойлайтын болсақ, әлем алдында масқара боламыз» дейді. Бүгін назарларыңызға ғалым Асан Омаровтың аталған мақаласын ұсынып отырмыз.
Бұқаралық ақпарат құралдары Абайдың туған күні 10 тамыз орнына 23 тамыз болып ресми түрде бекітілді деп таратқан хабар еріксіз қолға қалам алғызып отыр. Бұл дұрысты бұрыс қылушылық деген ойдамыз.
1940 жылы Мұхтар Әуезов пен Әрхам Кәкітайұлы алғаш рет Абайдың туған күні жайлы кеңескен еді. Дерек-дәйектер жан-жақты қарастырылып, ақырында «10 тамыз» деп шешілген еді. Енді не болды? Американы жаңадан ашудың жөні қайсы? Алты қарағайдың арасында адасып жүргеніміз қалай? Мәселенің анық-қанығы үшін әңгімені жыл санау тарихынан бастамақпыз.
Жыл санаудың ескіше және жаңаша деген қос стилі әу баста Еуропада орын алды. Бірақ 19-ғасырда-ақ қолданыстан шықты. Өйткені, миллиондаған адамдардың туған жылын я болмаса мыңдаған тарихи деректерді, айталық, Англия мен Францияның жүз жылдық соғысы туралы жүз томдық архивті қайта сапыру, яки жаңаша стилге ауыстыру мүмкін емес еді. Еуропа елдері мұның ешқандай пайда бермейтініне, ең жаманы,қалың жұртшылықты шатастыратынына көз жеткізді.
Патшалық Ресей кешеуілдеткен жаңа күнтізбені большевиктер бұрқ еткізіп енгізе салды. Екі бөлек стилді қатар қолданудан Еуропа сияқты бас тартпай өзіншелеп енгізді. Неге? Өйткені, оларға ең керегі –«біз бәрін де өзгертеміз, жаңа әлем жасаймыз!» дегенге халықты нандыру болды. Әр декрет осының құралы еді. Билік қолдарына тиер-тиместен жаңа күнтізбеге көшкені, даталарды жанталаса ауыстырған жайы осымен өз түсінігін табады.Қанша өктем болса да, большевиктер орыс классиктері (Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Толстой, Чехов, Тургенев және т.б.), тарихи тұлғалар (Ломоносов, Суворов, Нахимов және т.б.) туған датаға реформа жасай алмады, шіркеу кітабында қай күні туылған делінсе, сол күйінде қалды.
Бірақ Қазан төңкерісі өткен күнді 13 күнге жылжыту баршаға берілген белгі, бұйрық есепті еді. Кәне, екі стилді қосарламай көр енді. Ешкім де сау басына пәле тілемейді. Мысалға Қазақ Кеңес энциклопедиясында «Абайдың туған күні ескіше – 29 шілде, жаңаша – 10 тамыз» делінген. Сөздің қысқасы, ескіше және жаңаша деп қосарлап жазу қызыл идеология таңбасы. Оны қайта жаңғырту күлкілі нонсенс. Большевиктердің ойлап тапқан «жаңалығына» бола ұлы Абайдың туған күнін өзгертпек ниетімізге (онда барша тұлғалардікі бірге өзгертілуге тиісті) бүкіл адамзаттың аң-таң қалары анық.
Енді нақтылы мысалға келейін.Таяуда, 8 тамыз күні Астана қаласы Достық үйінде Абайдың туған күнін анықтауға дөңгелек үстел ұйымдастырылған екен. Жиында айтылған уәждер «Егемен Қазақстан» газеті (2019 жыл, 13 тамыз) жариялаған «Абай талқысы» атты материалда келтірілген екен.
Жазушы, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалин дау-дамай Әрхам ақсақал естелігінде «10 тамыз» деген датаның жанына «ескіше» деген бір ғана сөзді қосып жібергенінен туындады дей келе, өзінің ұстанымын: «Қазірге дейін, 100, 125, 140, 150 жылдықтары 10 тамызда тойланды. Оны 23 тамызға жылжытқаннан ешқандай пайда таппаймыз» деп жеткізіпті. Дұрыс-ақ. 10 тамыз исі қазаққа аяулы да дәстүрлі дата, ондай болу енді жоқ.
Енді қарсы уәждерге келейік. Олардың әуелгісі – Әрхамның әкесі Кәкітай айтқан: «Абай жылан жылы, мал күзеуге түсетін кезде туған» деген дерек. Достық үйіне жиналғандар «Мал күзеуге түсетін кез, бұл – тамыздың соңы» деп пайымдапты. Осыдан Абайдың туған күні – 23 тамыз деген ойдың ұшы қылтиятыны өз өзінен түсінікті. Бірақ бұл үлкен қателік.
Гәп сонда, 19-ғасырдың орта тұсында Ырғызбай руы тек «Бауыр» деп аталған кеңістікті мекен етті, дәлдісінде, қазіргі Ералы жазығында ғана көшіп-қонып жүрді (Сырт Шыңғыс делінетін кең қоныс – Бақанас жайлауын игеру кейіндегі шаруа). Демек, Кәкітай «мал күзеуге түсетін кез» деп Ералы жазығынан Ақшоқы және онан төменгі Қасқабұлақ аумағына түсетін кезді айтқан. Бұл тамыз айының соңы емес, басы болып табылады. Неге? Өйткені, Сырт Қасқабұлақ Тобықты мен Уаққа ортақ мал жайылымы болған (оған жер атауында «сырт» сөзінің тұруы да айғақ). Сондықтан Құнанбай бастатқан ырғызбай ауылдары күзеуге ертерек түсетін еді әрі қыстауға оралуға асықпайтын. Абайша айтсақ: «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай».
Жиынға қатысушылар мына тұрған Қасқабұлақ аумағына көшіп-қону мен сонау Бақанас жайлауынан Бауырға түсуді шатастырып алған сияқты. Бақанастан Бауырға түсетін кез – тамыз айының соңы, әрине. Бірақ, Ералы жазығынан Сырт Қасқабұлаққа көшу кезі ертерек. Оған даярлық тамыздың басынан басталып, ауылдардың нақтылы қозғалуы тамыздың ортасына жетіп жығылатын. Міне осы айтылған 1845 жылғы тарихи хәлді жіті ескермеу, ақиқатты бұрмалауға әкеп соғады.
Сөйтіп, Кәкітай мен Әрхамның берген деректері қарама-қарсы емес, қайта бірін бірі толықтырып тұр. Екеуі де ақынның шын туған күні ЮНЕСКО көлемінде танымал 10 тамыз екеніне иландыра түседі.
Дөңгелек үстелде айтылған қарсы уәждің тағы бірі – «Мәселен, Мұхтар Әуезов өзі жайлы мәліметінде «мен 15 сентябрь күні тудым» деп жазады. Кейіннен өз қолымен 28 қыркүйекке ауыстырып жібереді» деген. Екі стилді қосарлау – большевиктік жаңалық деп жоғарыда айттық. Қаһарлы заманның талабын орындауға, әсіресе,танымал тұлғалар міндеткер еді (миллиондаған қарапайым адамдар ешқашанда туған күнін жылжытқан емес). Мұхаңның өз туған күнін ауыстырып жібергені ғылыми дәлел бола алмайтыны сол.
Қорыта айтқанда, Абайдың туған күні 23 тамыз деп дабыл қағуға негіз боларлық сенімді себепті көрмедік, ешбір дәлел-дәйекті таба алмадық.
Алайда дөңгелек үстелде айтылған ой-пікірлерді «Абай талқысы» деген материалдың авторы: «23 тамыз – хакім Абайдың туған күні болып ресми түрде бекітіліп, оқулықтарға енгізілсе құба-құп» деп түйіндепті. Осыдан бес жыл бұрын «Абайдың туған күніне араша!» атты мақалада «23 тамыз деген өтірік дата» деп жар салғанбыз. Бұл жолы да сөз шығарған болдық. Мұхаң бекіткен дәстүрлі датаға адал болайық, Абайдың 175 жылдық мерейтойы бөтен күнде аталып, масқарамыз шықпасын дегендік біздікі.