Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі қатаң бақылауда болуы тиіс
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Тіл қарым-қатынас құралы болуымен бірге оны тұтынушы халықтың салт-дәстүрін, әдет-құрпын, ұлттық болмысын, мәдениет байлығын, сан ғасырларға созылған даму тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып жеткізуші, жинақтаушы қызметін атқарады.
Қазақ халқының ана тілі қазақ тілінде мемлекеттік тіл ретінде басымдылық берілетінін негізделген Ата Заңымызға, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы заңына» және «Тілдерді қолдану мен дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаларға» сай қазақ тілі еліміздің бүкіл аймағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болуы тиіс.
Тәуелсіздікпен бірге қазақ тілі де мемлекеттік мәртебесін бекітті. Бірақ, тіліміз мемлекеттік мәртебе алумен қанатын жая алған жоқ. Тілдің қолданылу аясын кеңейту және мелекеттік қызмет салаларында іс қағаздарын ана тілімізде жүргізу, жаппай мемлекеттік тілде сөйлеу сияқты мәселелер әлі де өз деңгейінде емес.
Жасыратыны жоқ, сот жүйесі және құқық қорғау органдарында іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізілуі толыққанды жүзеге асырылмай отыр. Біздің ойымызша, мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде сот саласының қызметкерлері қоғамға және халыққа қалтқысыз қызмет көрсетудің жоғары сапалық деңгейіне лайық болуы тиіс. Қоғамдық өмірдің барлық саласындағы мемлекеттік органдардың өкілеттілігі мемлекеттік қызметкерлер арқылы іс жүзіне асырылады. Сондықтан, осы маңызы бар салалардың іс- қағаздары, жалпы, құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізілгені жөн. Қоғамда, әсіресе, жастар арасында қазақ тіліне байланысты талап болмайынша, бұл мәселеде түбегейлі өзгеріс күту күрделі. Осы себепті мемлекеттік тілді дамыту мәселесі мемлекет тарапынан қатаң бақылауда болуға тиіс.
Айнұр ҚАЙБАЛДИЕВА,
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі