Қызылорданың медициналық сақтандыру жағдайында жұмыс істеуге әлеуеті жоғары
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтың төрағалығымен МӘМС енгізу жөніндегі өңірлік штаб отырысы өтті.
Штаб жұмысы барысында маңызды әрі ауқымды мәселелер қаралды. Соның ішінде медициналық қызметтерді сатып алуды цифрлық жүйеге көшіру және халықпен кері байланыс орнату шаралары бар. Денсаулық сақтау реформасын жүзеге асыру жұмыстары аяқталып келеді, сондықтан, халықты ақпараттандыру жұмыстары күн тәртібінде тұрған негізгі мәселеге айналып отыр.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрлан Қасымов атап өткендей, облыстың медициналық сақтандыру жағдайында жұмыс істеуге әлеуеті жоғары. 2018 жылы қызылордалықтардың небәрі 44%-ы ғана медициналық сақтандыру туралы естісе, әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі бойынша биыл медсақтандыру жайынан хабардар болған облыс тұрғындарының саны 58 %-ға артқан. МСҚ-мен әріптестік орнатуға жекеменшік медициналық орталықтар ерекше қызығушылық танытып отыр. Қордың әлеуетті жеткізуші ұйымдары базасында жекеменшік медициналық орталықтар 95 позицияның 65-ін (68%) алады. Қызылорда облысының бұл көрсеткіші республикалық көрсеткіштен (58%) жоғары.
Сондай-ақ, аймақта денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі артуда. Егер 2019 жылы бекітілген бюджет 45 млрд.теңгені құраса, 2020 жылға 61,8 млрд.теңге жоспарланған, оның ішінде ТМККК шеңберінде – 43 млрд. теңге және МӘМС жүйесінде – 18,8 млрд. теңге.
Аймақта мәртебесі 2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 113 415 мәртебесі анықталмаған азаматтарды өзектендіру жұмыстары 75% - ы өзектендірілді, ал қалған 28 385 халық санын өзектендіру жалғасуда. Атап өтерлігі, медсақтандыру әрбір тұрғынға әсер етеді, ол оның деректері өзектіленуі үшін өзі мүдделі болуы тиіс. Ал бұл үшін өз мәртебесін анықтау қажет.
Естеріңізге сала кетейік, барлық тұрғындарға әлеуметтік стандарт - медициналық қызметтің тегін пакеті қамтамасыз етіледі. Сақтандырылған азаматтар (жұмыс істейтін азаматтар және мемлекет төлейтін жарналардың 15 санаты) кепілдік беруден тыс ұсынылатын медициналық қызметтердің кеңейтілген пакетін алады.
МӘМС енгізу жөніндегі өңірлік штабтар өз жұмысын жалғастыруда.