Бүгін – Абай Құнанбаевтың туған күні
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Абайдың туған күнін неге әр түрлі айтып жүрміз?! Расында, Абай хәкімнің туған күні қай күн? 10 тамыз ба, әлде 23 тамыз ба?!
6 маусым орыстар үшін қадірлі күн болса, 3 мамыр ағылшындар үшін қасиетті. Ал алман халқы үшін 23 наурыз аса құрметті күн екен. Орыстарға Пушкин, ағылшындарға Шекспир, алмандарға Гете қадірлі һәм құрметті. Олар сол ұлттың ары мен намысы, абыройы мен беделіне айналған бренд тұлғалары. Әрине, қазақтар үшін Абайдан асқан тұлға жоқ! Абай – жазба әдебиетінің негізін салған, гуманистік ұлы ойдың иесі.
Егер, Абайды ұлттық құндылықтың басы деп түсінсек, оның туған күнінің нақтылығына шейінгі мәселелердің бәрі нанымды және жүйелі болуы керек. Елордамыздағы "Достық" үйінде қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқарасы мен "Руханият" орталығы ұйымдастырған «Абайтану мәселесі: туған күні жөніндегі деректер» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында абайтанушы-ғалымдар мен алаштанушылар, қоғам белсенділері түйткілді мәселені жан-жақты талдады. Жиынға жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалин, абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел, абайтанушы, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы, әдебиеттанушы-ғалым Ербол Тілешов, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұл, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайырбек Кемеңгер, Семейдегі республикалық «Абай» музейінен арнайы келген музей ғылыми қызметкері, жазушы Қуат Қиықбай, алаштанушы Алма Сайлауқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысып, тартысты пікір тудырды.
Отырыс соңында ғалымдар Абайдың туған күні төңірегіндегі мәселені бір жүйеге түсіріп, ортақ келісімге келді. Сонымен, ұлы Абайдың туған күні – 23 тамыз күні деп белгіленді. Оның себебі: Абайдың немересі, ақын мұрасы мен өмірі туралы көлемді естелік жазған Әрхам Ысқақұлының жазған дерегіне сәйкес келеді. Жиыннан соң арнайы шешім қабылданды. Бұл шешім енді еліміздегі барлық әдеби-мәдени, қоғамдық құрылымдарға таратылып, республикалық деңгейде Абайдың туған күнін нақты 23 тамыз күні атап өту туралы бастама көтеріліп, ұйғарылды. Енді wikipedia және тағы басқа газет, журнал, сайттардағы, сонымен қатар энциклопедиялық басылымдардағы қателіктер мен кемшіліктерді түзету туралы қоғамның ұсынысы жарияланады. Келешек ұрпақ Абай хәкімнің туған күнін де, өмірбаянын да білуі керек!