Байқоңырдағы мектеп ұжымына 17 млн теңгенің сертификаты табысталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада облыстық дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп жатыр.
Барлығы 600-ге жуық сала маманын қамтыған жиынның басты спикерлері «Promethean» компаниясының бас консультанты Инна Стивенс, «BTS Digital» білім беру орталығының басшысы Саясат Нұрбек болды. Олар «Цифрландыру дәуірінің буынына арналған интерактивті технологиялар», «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы: еңбек нарығы мен дағдылар сұранысы қалай өзгеруде?» тақырыбында баяндама оқыды.
Сондай-ақ, мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі Байтақ Тұрсынбаев – «Дарынды балаларды анықтаудағы ата-ананың рөлі», Сырдария ауданы, №35 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Айдана Жакиева «Жас маманға жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында сөз сөйледі.
Тамыз жиынына қатысушылар мен қонақтар «Цифрландыру – білім саласын дамытудың стратегиялық бағыты» тақырыбындағы танымдық көрмені тамашалады.
Дәстүрлі тамыз конференциясының соңында педагогика саласында еңбегі сіңген бірқатар ұстаздар «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, министрліктің және облыс әкімінің Құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен бірге, іс-шарада Байқоңыр қаласындағы №277 орта мектеп «Үздік орта білім ұйымы» ретінде грант иеленіп, білім ұйымына 17 миллион теңгенің сертификаты табысталды.