Елімізде ет бағасы бір аптаның ішінде 30% қымбаттады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Әлеуметтік желіде жылқы қазысы мен жаясының 2800-ден 3800 теңгеге, сиыр етінің мың екі жүз теңгеге, ал қой етінің 10% "қымбаттағаны" қызу талқыға түсті. Осы орайда ҚР ұлттық экономика мен ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер бұл қымбатшылықтың немен байланысты екенін түсіндірді. Сондай-ақ, олар еттің бірден 30%-ке қымбаттап кетпегенін бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz.
«Басқа өңірлерде қалай болып жатқанын білмеймін, бірақ Алматыда бір апта ішінде ет 30% қымбаттады. Тамыз айының басынан бастап жылқы етінің бағасы мың теңгеге артып отыр. Сиыр етінің де жағдайы осылай. Себебі неде? Неге баға бұлай бірден қымбаттап отыр? Базар ережесі «Ұсыныс бар жерде сұраныс бар» дегенді айтады. Басқаша түсіндірсек, ұсыныс сұраныстан жоғары болып отыр. Мемлекетте ет тұтынатын мөлшерден аз өндіріліп жатыр», - дейді Бағдат Қожахметов.
Әрі қарай ол ауыл шаруашылығы есептеріндегі цифрлардың жалған екеніне тоқталды. Осы орайда Көк базар сатушысының сөзін дәлел ретінде келтірді. Сатушы әйелдің айтуынша, бұл қымбатшылық Өзбекстаннан етке деген сұраныстың күрт артуымен тікелей байланысты.
«Бұл әйелдің әкесі Оңтүстік Қазақстанда мал өсірумен айналысады. Оған келген адамдар ақшаны қолма қол және артығымен беруге дайын. Ол өзбектердің Қазақстан етін Қытайға тасымалдайтынын айтады. Ол жақта табиғи етке сұраныс артқан екен. Осылайша біздің склад кешке қарай босап қалады. Әкелінген ет сол күні-ақ сатылып кетеді», - дейді ол.
ҚР ұлттық экономика министрлігі етке шетелден сұраныс артты деген фактіні растады. Алайда ұсынған мәліметтерінде ет бағасы 30%-ке дейін өспеген. Осы орайда олар сиыр етінің бағасы қалай өзгеріп отырғанын мысал ретінде келтірді.
«Ішкі қажеттілік 98,3% өз өнімімізбен қанағаттандырылып отыр. Бірінші жартыжылдықта сиыр еті импорты жалпы тұтыну көлемінің 1,7%-ін құрайды. Республика бойынша, жыл басынан бері сиыр етінің бағасы 9,9%, ал айдың басынан бері 3,3% өсті. Дәлірек айтсақ, Алматы қаласында - 3,7%, Шымкентте - 5,3%, Талдықорғанда - 4,5% және Түркістанда - 3%. 13 тамыздағы жағдай бойынша, республикада сиыр етінің бағасы 1700 теңге болды», - деді министрлік баспасөз хатшысы Шыңғыс Ілиясов.
Әрі қарай ол бағаның дәл осылай өсуіне Қытай мен Өзбекстан еліне экспорттың өсуі әсерін тигізіп отырғанына тоқталды. Әсіресе, кейінгісінің тарапынан сұраныс артқан.
Статистика органдарының мәліметінше, биыл 2018 жылмен салыстырғанда Өзбекстанға жөнелтілген ірі қара малының үлесі 20 есе көп: 2 912 бастан 65 467-ге дейін өскен.
«Бағаларды ұстап тұру үшін жаңа құралдар әзірленді. Енді нақты 10 негізгі азық-түлік бойынша күшейтілген бақылау жүргізіледі. Сондай-ақ, олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылданып жатыр», - деді ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
Ал сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қазақстандықтарды азық-түлік бағасын бақылауға тартуды ұсынып отыр. Яғни кез келген азамат тауардың бағасын суретке түсіріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының статистикасы жинақталатын арнайы порталға жібере алады. Бұл жүйе арқылы дүкендердегі тауарлардың құнын онлайн режимде бақылауға болады. Егер үкімет бұл ұсынысты қолдаса, министрлік өзге де құзырлы органдармен бірлесіп, жүйені қысқа мерзімде енгізуге дайын екені айтылды.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер қазіргі уақытта Қазақстанда өндірілген жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 45%-і – мал шаруашылығы екенін айтады. 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту шеңберінде мал шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды субсидиялауға шамамен 30% немесе 35,9 млрд. теңге бөлінді.