Арал ауданының мектептері жаңа оқу жылына дайын ба?
Жақын күндері білім ордалары оқушыларға есігін айқара ашпақ. Санаулы күндерден кейін ұстаздар қауымы жұмысын бастап, мектептерде оқу үрдісі қыза түспек. Сондай аймақтың бірі – Қызылорда облысы Арал ауданы. Сол жақтағы білім ордаларының жаңа оқу жылына әзірлігін, білім бөліміне қарасты мекемелердің жай-күйін, аудандағы күрмеуі көп саланың кездесетін ауқымды мәселелерін жан-жақты қарауға тырыстық.
Аудан бойынша екі мыңнан аса мектеп мұғалімі бар. Оның басым бөлігі – жоғары білімді мамандар. Биыл 2-4 маусымда Қазалы ауданында өткен педагогтардың ұлттық біліктілік тестілеуіне 662-сі қатысып, оң нәтиже көрсеткен болатын. Үкіметтен білім саласына 9 млрд 312 млн 872 мың теңге бөлінді. Оның ішінде білім ордасының жөндеу жұмыстары да кіреді. Мысалы, Арал қаласындағы №83 орта мектептің ауласындағы әжетхана, №13 мектептің мұғалімдер бөлмесі мен спорт залына қаржы бөлінген. Қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, білім беру нысандарын бейнебақылаумен, «Балаларға арналған ақысыз ІТ сыныптар» жобасы аясында білім беру ұйымдарын STEM-платформасымен қамтамасыз етілмекші. 2019-2020 оқу жы-лында жаңартылған білім беру мазмұнына көшетін 4, 9, 10 сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін аудандық бюджеттен 177 млн 798 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар 10 баспамен жасалған келісімшартқа сәйкес, осы жылдың 15-25 тамыз аралығында 100 753 дана оқулық жеткізілу жоспарлануда.
ӨМІРДІҢ СӘНІ – БАЛАЛАР
Бұл мәселе Қызылорда облысы Арал ауданында жыл сайын педагог қызметкерлердің тамыз Кеңесінде және аудан әкімінің жиында жан-жақты қарастырылды. Соның арқасында бүгінде әртүрлі деңгейдегі әкімдіктермен бірлесе отырып, білім беру мекемелерінде жаңа оқу жылының басталуына жүйелі дайындық жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Арал ауданы бойынша 50 мектеп бар. Соған биылғы жылы 17 257 оқушы барады деп күтілуде. Оның ішінде, 1-сыныпқа 2 250 оқушы қамтылмақшы. Бүгінгі күні электронды жүйеде 1 687-і тіркелген.
Ал Арал аудандық білім бөлімінің жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын атқарушы органының есебінде жетім немесе ата-анасының қам-қорлығынсыз қалған 63 бала есепте тұр. Соның 11-інде ата-анасынан қалған үлестік үй бар. Ал тоғыз бала ата-анасының келісімімен туыстарына уақытша қамқорлыққа берілген. Келісім болғаннан кейін оларға жәрдемақы төленбейді. 63 баланың 30-ы жетім бала болса, 33-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала. Оның 47-і мектепте оқыса, 8-і колледжде, біреуі жоғары оқу орнында білім алуда. Олардың бәрі де жалпыға бірдей міндетті оқу қорынан оқулықтармен, киіммен және ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
ДЕНІ САУДЫҢ – ЖАНЫ САУ
Педагогикалық медициналы-психологиялық кеңесінің шешімімен 500-ден аса бала мүмкіндігі шектеулі болып танылған. Оның ішінде 221-і ғана мектептен оқыса, 109-ы үйден оқытылады. Ал 100-ге жуық бала түзету кабинетінде ем қабылдап, оларға әдісте-мелік, психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіп қана қоймайды. Сонымен қатар ма-мандар денсаулығында ауытқуы бар балалардың ата-аналарына тәрбиелеу және оқыту мәселелері жайында арнайы әлеуметтік желілер арқылы кеңес те бере алады.
Жазғы маусымда әкімдік оқушыларды тынығу лагерлерімен қамтиды. Тіпті олардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі шаралар өткізіліп, жоспарлы түрде жүргізіледі. Мысалы, биыл «Қамбаш» тынығу және сауықтыру орнында – 600 бала, 44 мектептегі күндізгі тынығу лагерінде – 2189, шатырлы және ауданнан тыс жерлердегі лагерлерде 900-ге жуық бала демалған. Сонымен бірге, түрлі үйірмелерге, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына, саяхатқа, аулалық клубтарға 13 мыңнан аса бала жұмылдырылды. Осыған орай, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу үшін профилактикалық шаралар назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе, орталық саябақта, түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарда, компьютерлік клубтарда, мейрамха-наларда рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, келеңсіз жайттарға жол берілмеді.