Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге қысым жасайтын шенеуніктерді жазалауды тапсырды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында шенеуніктерді сынайтын БАҚ өкілдеріне қысым жасауды тоқтатуды талап етті. Тұңғыш Президент редакторларды қорқытатын шенеуніктерді қатаң жазалауды тапсырды.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев партияға қарасты бұқаралық ақпарат құралдарының сылбыр жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Орталық телеарналар өзекті деген мәселелерді көтермейді. Біреудің жолын кесіп кетуге қорқады.
"Бұрын редакторлар жаман мақала жазамын деп, әкімдерден ақша талап ететін. Қазір, керісінше, әкімдер редакторларға қоңырау шалып, ананы істесең, мынан істесең, таныстарым арқылы сені жұмыстан шығарып тастаймын дейді. Біз ол жайында білеміз. Мен нақты тапсырма беремін. Енді, тағы бір рет осындай жағдай қайталанса, кім болса да, қандай қызметте отырса да, жұмыстан босатамыз", - деді Елбасы партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Тұңғыш президенттің айтуынша, шенеуніктер редакторларға қысым жасап, сыни мақалаларды барынша шығармауға тырысады. Содан қоғамның санасында баламалы шындық қалыптасады.
"Nur Otan" өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарап шығу қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары шынайы әрі шұғыл ақпараттың көзіне айналуы қажет. Халықтың сеніміне ие болуы шарт", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Осы орайда тұңғыш президент интернет пен әлеуметтік желілерде проактивті түрде жұмыс істеу керектігін жеткізді. Ол үшін дарынды адамдарды тартып, лайықты жалақы төлеу керек. Сөйтіп, ақпараттық кеңістікте батыл әрекет жасаған жөн. Бұдан бөлек, ол "Nur Otan" партиясына адамға жала жапқаны үшін жазаны күшейтуді тапсырды.
Комментарии 1