ЖОО-дағы пара, сайлау, БАҚ-қа күш көрсетер шенеунік - «Nur Otan» Саяси кеңесінде не айтылды?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгін елордадағы «Назарбаев орталығында» ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министр Асқар Мамин, Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин, Үкімет мүшелері, партияның Мәжілістегі фракциясы, облыстардағы филиалдардың жетекшілері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барысында партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен съезд шешімдерінің орындалуы, партиялық қайта серпілтудің негізгі бағыттары және Саяси кеңес бюросы құрамын өзгерту мәселесі қаралды.
Жиынға төрағалық еткен Нұрсұлтан Назарбаев партияның Тәуелсіздік жылдарында атқарған жұмыстарына оң баға беріп, оның барлығын халық көріп отырғандығын айтты.
«Дегенмен, өмір бір орнында тұрмайды. Бәрі өзгеріске ұшырап жатыр. Бүкіл әлемде де саяси партиялар бүгінгі күні жаңа міндеттермен бетпе-бет келуде. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрақсыздық кезеңінде алға ілгерілеу үшін жетекші саяси күштің ішіндегі, сонымен қатар қоғамдағы бірлік қажет. Онсыз үлкен міндеттерді орындау мүмкін емес. Жаңа саяси жағдайда партияның рөлі айтарлықтай өсе түседі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Nur Otan-ның» халыққа уәдесі қалай орындалуда
Осыдан кейін партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайында баяндама жасаған ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин Елбасы тапсырған «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларының қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
«Сіздің тапсырмаңыз бойынша, осы жылдың 1 сәуірінен бастап АӘК көлемі артты. 1 шілдеден бастап бала кезінен мүгедек балаларды бағу үшін мемлекеттік жәрдемақының көлемі ұлғайды. 1 маусымнан жалақысы аз бюджет қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға дейін көтерілді. Ал жергілікті атқарушы органдардағы қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға көбейді. «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Тұрғын үй жинақ банкі арқылы аз қамтылған отбасыларға жеңілдетілген несиелеу жүйесі іске қосылды. Бұл механизм осы жылдың шілдесінде бастап іске қосылды, алдағы үш жылда бұл бағытта 50 млрд теңгеден бөлінеді», - деді Асқар Мамин.
Оның атап өтуінше, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жоғары курстардағы 100 мың студент тегін түрде ЖОО-лар жанындағы кәсіпкерлік негізін оқи алады. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында микронесиелеу шығындары 83 млрд теңгеге дейін артты. Ал жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 18 мың азаматқа 18 млрд теңге көлемінде мемлекеттік грант бөлінеді. Азаматтарды жұмыспен қамту бағдарламаларына көптеп тарту үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 15 мобильді жұмыспен қамту орталығы ашылған. Жыл соңына дейін ондай орталықтар тағы 15 жерде жұмысын бастайды.
«Экономикадағы еңбек күші нарығында оң динамика байқалады. Орташа есеппен жылына елімізде 300 мың жаңа жұмыс орны ашылады. 1 тамыздағы жағдай бойынша 227 мың жұмыс орны құрылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 13 пайызға артық көрсеткіш. Осының арқасында 7 айдың ішінде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға азайды», - деді ол.
Көптің көңілін күпті еткен сайлау
Отырыс күнтәртібіндегі партиялық қайта серпілтудің негізгі бағыттары жайында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек баяндама жасауы тиіс болатын. Алайда сөз тізгінін қолға алған Елбасы ең алдымен жұрттың арасында жүрген әне-міне Мәжіліс сайлауы өтеді деген жел сөзге соңғы нүкте қойып, ендігі уақытта «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес мәслихат депутаттарын сайлау да партиялық тізіммен өтетіндігін ескертті.
«Посткеңестік елдерден бастап Африкаға дейінгі елдерді қарап көріңіз. Саяси тұрақсыздық кезінде бірінші кезекте кім зардап шегеді? Экономика құлағандықтан, халықтың өмір сүру сапасы да төмендейді. Жұмыс істеуге уақыт жоқ – шулап, ортаға шығады. Демонстрация мен шерулер... Тәртіп пен билік жоқ жерде – проблема шешілмейді. Әрбір адамның қауіпсіздігі, елдің тұрақтылығы бұзылады. Өзекті мәселелермен айналысу шетте қалады. Әрқашан шулап жүретін адамдарға тағы да бір айта кетейін, барлық сайлаулар конституциялық мерзімде өтетін болады. Осы тақырыпты жабайық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы мәслихат депутаттарының келесі сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өткізілетіндігін айта келе сайлаудың мұндай пропорционалды жүйесі үздік әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келетіндігіне, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға септігін тигізетіне, толықтай алғанда саяси партияның қызметін жандандыратындығына назар аудартты. Сонымен қатар мажоритарлық жүйесіне көшуді қолдап жүргендердің нақты ұсыныстары жоқ екендігін атап өтті.
«Бұл жерде негізді аргументтері жоқ, әдеттегідей тек әңгіме. Билікті сынап сөйлегендері бос сөз ғана. Тым болмаса біреуі қалай істеу керектігін ұсынып, қалай жасау керектігін көрсетсе ғой. Демократияның шамшырағы деп жүрген Еуропадағы 30 дамыған елдің қатарына кіретін мемлекеттердің 63 пайызы сайлауды пропорционалды жүйемен өткізеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мақтау естіген әкімдер
Қазақстанның Тұңғыш Президенті сөз сөйлеуі барысында халықты толғандыратын проблемаларды жасырмай жұртшылық алдына ашық шығып жауап беруге тайсақтайтын шенді-шекпенділердің де бар екендігіне қынжылыс танытты.
Сонымен қатар оларға елдің алдына қорықпай шығып, кез-келген проблеманы шешу жауапкершілігін мойнына алудан тайсалмауға кеңес берді.
«Меніңше, орын алып отырған проблема жайында үндемей қалу – жұмыстың ең нашар нұсқасы. Адамдардан тығылмай мән-жайды анықтап, жауапкершілікті мойынға алу керек. Бізде халыққа шығып, бұл сұрақтарға жауап беруден қорықпайтын, проблемаларды шешетін әкімдер де, министрлер де бар. Бердібек Мәшбекұлы (ҚР Үкімет басшысының орынбасары Сапарбаев), вице-премьер болып тағайындалуыңмен құттықтаймын. Баяғыдан бері осы жер сенің орның еді. Төрт облыста әкім болдың. Соның бәрін көрдің. Бастаған кезде халықтың арасында жүрдік сол уақытта. Елмен сөйлесіп жүрдік. Айтқанымызды ел түсініп жүрді», - деді ҚР Тұңғыш Президенті.
Елбасы шағын проблемаларды жедел шешу қажеттігіне назар аударды.
«Адамдарды өміріндегі ең кішкентай мәселелер толғандырады. Мәселен, су жоқ. Бұл әкім үшін деңгей емес қой, иә? Сумен айналысудың қажеті қанша? Ал адамдар үшін – бұл өмірінің мәні. Ауылда жол жоқ. Бұл ол үшін – өмірі, ал біздер үшін – болмашы нәрсе. Біздер жаһандық мәселелерге құлаш сермейміз. Сондықтан адамдарға жақын болу керек. Партияның қоғамдық қабылдаулары жұмыс істеуі тиіс», - деді Н.Назарбаев.
Айта кетерлігі, билік партиясының Көшбасшысы аузынан мақтау естігендердің бірі қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов болды. Елбасы «Болашақ» бағдарламасымен білім алған жастардың аудан және облыс әкімдерінің орынбасары болып қызмет еткендігін, өкінішке қарай, бүгінде бұл тәжірибе тоқтап қалғанын айтты.
«Олар аудан және облыс әкімдерінің орынбасары болды. Неліктен бұл жұмыс тоқтап қалды? Міне, мәселен, біз оқуға жібергендердің бірі – Алтай Көлгінов. Кезінде біз оны арнайы оқуға жібердік, ал бүгін ол қала басшылығында отыр. Осындай азаматтар көп. Бәрін не үшін дайындадық? Қазір отырып алып, орындықты бергіміз келмейді. Олардың жақсырақ жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Әйтпесе, бір жерге тоқтап, дамымай қаламыз. Сол себепті, келесі жылдың көктемінде өтетін «Jas Otan» съезінде білімді жастарды жұмылдыруды талқылауды ұсынамын», - деді партия Көшбасшысы.
«Nur Otan-нанмын» деуден бұқпантайлайтын шенеунік те бар
Алқалы жиын барысында Елбасы жастарды Мәжіліс пен мәслихатқа депутаттыққа тарту мәселесіне де айрықша тоқталды.
«Jas Otan» – жастарды біріктіруші орталыққа айналуы қажеттігіне назар аудартты. Сонымен қатар ҚР Тұңғыш Президенті партияға мүше екендігін білдіргісі келмейтін министрлер мен әкімдердің әрекетін сынға алды.
«Мұнан да жаманы кейбір мемлекеттік органдардың басшылары, министрлер, әкімдер өзін партиямен бірге екендігін көрсеткісі келмейді. Партия былай, мен былай, өзіме өзім осы жерде бастықпын. «Nur Otan-ның» барлық мүшесі жария түрде партияға қатысы бар екендігін паш етуі тиіс. Партия төсбелгісін бүгінгі отырысқа ғана тағып келмеу қажет. Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің тәжірибесін зерделеп көрдім. Малайзияда министрлер, Премьер-Министр, орынбасарлары, барлығы төсбелгі тағып жүреді. Көшеде адамдар мемлекеттік қызметші келе жатқанын көреді. Ал біз ше? Партия мүшесі екендігімізден қорқамыз ба? Онда шығыңыздар, басқасын таңдап аламыз», - деп ескертті Елбасы кейбір әкім-қараларға.
«Мұнан да жаманы кейбір мемлекеттік органдардың басшылары, министрлер, әкімдер өзін партиямен бірге екендігін көрсеткісі келмейді. Партия былай, мен былай, өзіме өзім осы жерде бастықпын. «Nur Otan-ның» барлық мүшесі жария түрде партияға қатысы бар екендігін паш етуі тиіс. Партия төсбелгісін бүгінгі отырысқа ғана тағып келмеу қажет. Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің тәжірибесін зерделеп көрдім. Малайзияда министрлер, Премьер-Министр, орынбасарлары, барлығы төсбелгі тағып жүреді. Көшеде адамдар мемлекеттік қызметші келе жатқанын көреді. Ал біз ше? Партия мүшесі екендігімізден қорқамыз ба? Онда шығыңыздар, басқасын таңдап аламыз», - деп ескертті Елбасы кейбір әкім-қараларға.
Нұрсұлтан Назарбаев әкімдердің жергілікті жердегі «Nur Otan» филиалының төрағасы болып отырғанымен партия жұмысына жете көңіл бөле бермейтіндігін ашық айтты.
«Қазір әкім мен фракция төрағасы бір адам болған кезде тәртіп болмайтындығы айтылуда. Бөлу қажет. Мен қазақтың жағдайын білемін ғой. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Содан тағы келіспеушіліктер туындайды. Ал егер оны жасамайық десек, әкімдер неге жұмыс істемейсіздер? Партия өз алдына, менің жұмысым мына жақта өз алдына. Егер ондай болатын болса бер басқа адамға, партияның төрағасы емеспін деп шық», - деді ҚР Тұңғыш Президенті.
Елбасы тарапынан шенеуніктерге қатысты көтерілген тағы бір сын олардың бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетуі төңірегінде өрбіді.
«Дәстүрлі БАҚ позициясынан айырылып барады. Дәурен Абаев осы мәселе бойынша ойланып, жұмыс жүргізуі керек. «Телефондық құқық» болмауы тиіс. Шенеуніктер редакторларға қысым көрсетеді. Әртүрлі жолдармен сыни материалдардың жолын кеседі. Осыдан кейін қоғамдық санада балама шынайылық қалыптасады. «Nur Otan» сол себепті, өзінің ақпараттық стратегиясын қайта қарауы керек. Партиялық БАҚ шынайы әрі жедел ақпараттың көзіне айналып, оза жұмыс жүргізуі тиіс. Ең дарынды адамдарды тартып, тиісті айлық төленуі керек», - деді Елбасы.
ЖОО-дағы парақорлық Қауіпсіздік кеңесінде қаралады
Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күресті барынша күшейту қажеттігіне де айрықша назар аударды.
«Бұл туралы көп айтып келеміз. Сайланған Президент те жақында осы мәселе туралы айтып кеткен болатын. Әлбетте, біз де, агенттік те жұмыс істеп жатыр. Алайда біз бұл күреске халықты тартқан жоқпыз. Сингапурда тәртіп бар: егер мен өз әріптестеріммен бір кабинетте жұмыс істесем, біреу жемқорлыққа барғалы жатса, ол туралы мен айтпасам – сол үшін мені жазалайды. Бізде тіпті ондай психология да жоқ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда партия Көшбасшысы жоғары оқу орындарында студенттердің сынақ тапсыру үшін пара беруі жиілеп кеткендігіне алаңдаушылық танытып, бұл мәселені университеттерді ішінара іріктеу арқылы тексеруге тапсырма берді.
«Көптеген жоғары оқу орындарында емтиханды ақшалай сыйлықақыға тапсыратындығын барлығымыз да білеміз. Оқуға түсетін кезде болғанын білетін едік. Әдетте сессия кезінде сынақ пен бағаны сатып алатын еді. Студенттерге жатақханада орындарды бөлу, басқа да өмірлік проблемаларды шешу барысында пара беруге мәжбүрлейді. Бұл жастар тарапының барынша наразылығын туындатады. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Қауіпсіздік кеңесіне арнайы топтармен бірге университеттерді ішінара іріктеп алып, осы мәселені зерделеуді және оны Қауіпсіздік кеңесінің талқылауына шығаруды тапсырамын», - деді Елбасы.
Саяси кеңес Бюросындағы өзгерістер, жаңа фракция жетекшісі
Кеңейтілген отырысты қорытындылай келе ҚР Тұңғыш Президенті партияның Саяси кеңесі Бюросының құрамына өзгеріс енгізуді ұсынды.
«Бұрын айтқанымдай, халыққа барынша жақын болу керек. Шенеунікке тән сипаттан арылған жөн. Жастарға қолдау білдіріп, әсіресе, ауыл жастарын қолпаштап, интеллигенциямен тұрақты диалогты жолға қойған абзал. Сол себепті, Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев мемлекеттік қызметке өтті. Оған сәттілік тілеп қоялық. Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов мемлекеттік қызметке барып, министр атанды. Оған да рахмет!», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сөзін жалғастыра келе, Бюро құрамынан шығып қалған мүшелердің орнына «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі мен «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібекті енгізуді ұсынды. Ұсынысты партияластары бірауыздан қолдады.
Айта кетерлігі, осы жиын барысында Елбасы партияның Мәжілістегі фракциясын күшейту мәселесіне айрықша назар аударды және оның шешімдер қабылдау барысындағы салмағын арттырып, беделін нығайтып, тегеуірінін нықтай түсу үшін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин басқаруы тиіс деген ойын жеткізді.
«Исімбаева (ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы франкциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаева) басқаратын бүгінгі фракция жаман жұмыс істеп жатқан жоқ. Бірақ, әлемнің басқа елдерінде бар ережеге арқа сүйей отырып, біздің Мәжілістегі фракциямыздың жетекшісі лауазымына Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің кандитатурасын ұсынамын, егер ол қарсы болмаса. Ол партия жұмысын күшейтіп, Мәжіліс спикері ретінде фракция жұмысын жұмылдыра алатындығына сенімдімін», - деді Н.Назарбаев.