Қызылордалық кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы
oldkaz.kyzylorda-news.kz. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті мен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу» жобасы аясында кездесу өтті.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов агенттік тарапынан әкімшілік кедергілерді жою бойынша жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат туралы түсінік беріп, жоба шеңберінде кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау жолдары туралы айтып берді. Сонымен қатар, қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністерімен ымырасыздық көзқарастарын қалыптастыруда мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлесе жұмыс жүргізуінің маңызын атап өтті.
«Аталған жобаның басты мақсаты – кәсіпкердің тек кәсіпкерлік қызметі барысында ғана емес, сондай-ақ инвестициялық жобаны іске асыру кезінде күнделікті тап болатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сақтау және аймақтағы бизнес ахуалын жақсарту. Осы орайда, бизнес-климатты жақсарту бағытында мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпкерлерді қолдау, бизнесті дамыту бағытындағы шаралар – өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінің бірі болып табылады», - деді Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дінмұхамед Болатбеков.
Кездесу барысында отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ олардың сенімін арттыру мәселелері талқыланып, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және инвестициялық қызмет барысында пайда болатын проблемалық мәселелер айтылып, инвесторлардың пікірлері тыңдалды.