Ауыл жастары мешіт имамына жаңа тұрғын үй салуда
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Арал ауданына қарасты Аманөткел ауылының имандылықты насихаттап жүрген ауыл жастары биылғы ораза айында көптеген қайырымдылық шараларының басынан табылып жүр. Бұған дейін 26 отбасыға 450 000 теңге көлемінде азық-түлектен көмек көрсеткен болатын. Ал бүгінде ауыл мешітінің имамына мешіттің жанынан жаңа тұрғын үй салып жатыр. Жақын арада пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек, қайырымдылық шарасы аясында бір үйдің төбесін жаңартып, енді бірінің терезесін жаңалауға көмек көрсеткен жастарға ауыл адамдарының алғысы шексіз.
«Бәріміздің үмітіміз жастарда. Жастайынан жағымды іске әуес болған бала есейіп, ержеткенде елдің перзенті боларына сенеміз. Ауыл үшін аянбай жүрген жастардың қайырымдылығын көргенде көңіліміз көкке жетеді. Алғыс айтып, бата бергеннен басқа айтарымыз жоқ», – дейді ауыл тұрғыны А.Киікбаева.