Мұрат Бақтиярұлы «апай», «ағай» деген атауларды қолданбауға шақырды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. ҚР Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Президенттің үш тілділікке қатысты ұстанымын толық қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша біраз уақыт бұрын парламент қабырғасында осы мәселені көтерген.
«Әлемнің бірде-бір елінде үш тілді бірінші сыныптан бастап оқытпайды. Біздің министрлердің бұған келгенде көзі соқыр, құлағы саңырау болып қалды. Осы кезге дейін үш тілділікке байланысты мемлекеттің ондаған миллиард қаржысы желге ұшты. Оған кім жауап береді?», - дейді Мұрат Бақтиярұлы фейсбуктегі парақшасында.
Сенатордың айтуынша өзін-өзі сыйлайтын мемлекетте мемлекеттік тіл ең басты құндылық болуы тиіс.
«Бұл өзгермейтін аксиома. Ғасырлар бойы отарлықтың қамытын киген біздің ел үшін бұл өте өзекті мәселе. Елімізде мынау қазақ мектебі, анау орыс мектебі деген бөлуді қоятын кез келді. Жалпы орта мектептердің барлық пәндерін мемлекеттік тілде оқытуды қолға алуымыз керек. Тек орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі сол аталған тілдерде берілуі тиіс. Келешекте орыс тілінің сағаттарын қысқарту арқылы әлемдік тіл ағылшын тілінін сағаттарын көбейтуге болады. Сонымен қатар, мектеп оқушыларына әдеп, қоғамдық орындарда өзін қалай ұстауды, табиғатты, қоршаған ортаны, адамды сүюді, еңбекке баулу және оны қастерлеуді, отбасылық құндылықты қадірлеуді үйретуге барынша көп уақыт бөлген дұрыс деп санаймын. Ұзақ жылдар оқушылар тарапынан қалыптасып қалған мектеп мұғалімдеріне “апай, ағай” деген атаулардан айырып, Ұстазым деп атаған дұрыс болар деп ойлаймын. Бұл ұстаз мәртебесін биіктете түседі», - дейді сенатор.