Қызылордада 96980 азамат жер кезегінде тұр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев мәлімдеді.
Жеке тұрғын үй құрылысын салу мақсатында Қызылорда облысында 96980 азамат кезекте тұр, оның басым көпшілігі Қызылорда қаласының үлесінде. Яғни 62282 адам, бұл тұрғындардың 64,2 пайызын құрайды.
Соңғы бес жыл ішінде барлығы 10741 учаске берілсе, оның ішінде 2018 жылы 1179 жер учаскесі, 2019 жылы 260 жер учаскесі табысталған.
Басқарма басшысының айтуынша, жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына алу 2016-2020 жылдарға облыстың аумақтық даму жоспарының мақсатты индикаторлар тізбесіне енгізілген.
«Биыл барлығы 57,1 мың га жерлерді айналымға алу жоспарланды, жерге орналастыру жұмыстарына жергілікті бюджеттерден 21,8 млн теңге қаралды. Бүгінгі күні аймақта 14 аукцион өткізіліп, нәтижесімен көлемі 50,3 га құрайтын 80 учаске сатылып, 38,3 млн теңге бюджетке түсірілді», - дейді Шахмардан Қойшыбаев.
Айта кетейік, пайдаланылмай отырған, заң бұза отырып пайдаланылған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жалғасуда.