Қызылордадағы өзен-көлдерден 8 мың метр ау тазартылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы өзендер мен көлдерден 100-ден аса иесіз қалған балық аулау құралы алынды. Орман шаруашылығы инспекторлары су астында қалған аулардан балықтар қырылып жатқанын айтып дабыл қаққан. Су айдындарын тазалауға 800-дей адам мен моторлы қайықтар жұмылдырылған, деп хабарлайды Astanatv.kz.
Қамбаш өзені жағасында орналасқан Қосжар ауылында 100-ден астам отбасы тұрады. Олардың негізгі кәсібі - балық шаруашылығы. Сондықтан жергілікті тұрғындар өзен тазалығына аса мән беретіндерін жеткізді. Айтуларынша сырттан келіп балық аулайтындар айдынды ластайды.
«Қыстай, жаздай аулайды. Сол кезде мұзға қатып қалады ау құралдары. Сосын сонда шіріген балықтар қалады судын астында. Солардың барлығы балықтың өсіп, тіршілігіне, өнуіне, денсаулығына зиян келтіреді. Көлді тазарту акциясын жүргізіп жатқан мынау Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне рахметімізді айтамыз», - дейді Қосжар ауылының тұрғыны Карасай Тәжімбетов.
Аймақтағы 30-ға жуық су айдынын аудан тазарту бір мезетте басталды. Оның 18-і Арал теңізініне тиесілі. Бұл жұмысқа 800 адам жұмыла кірісті.
«10 шағын кеме, 40-50 адам көлемінде табиғат пайдаланушылар мен Қамыстыбас балық питомнигінің қызметкерлері Арал аудандық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері атсалысуда. Акция нәтижесіз емес», - дейді Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Марат Нұрмағамбетов.
Бір күннің ішінде өңірдегі су айдындарынан қараусыз қалған 8 мың метр ау шығарылды. Одан бөлек тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.