Қазалыда Дәуірхан Айдаровқа көше атауы берілді (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Айдаровқа көше аты берілді.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сөз сөйлеп, Дәуірхан Жәлиұлының елге танымал азамат екенін атап өтті. Ол барлық өмірін тәрбие ісіне, идеология саласына арнағанын да тілге тиек етті.
Мұнан соң мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Дәуірхан Айдаровтың жары да сөз сөйлеп, естеліктер айтты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов пен Қазақстан Республикасының еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың Айдаровтар әулетіне арналған құттықтау хатын оқып берді.
Салтанатты шара соңында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған құрметті қонақтар Дәуірхан Айдаров атындағы көшенің ашылу лентасын қиды.
Айта кетейік, мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Айдаровтың есімі Әйтеке би кентінің Жанқожа 3 шақырым аймағында жаңадан ашылған көшеге берілді. Бүгінгі таңда ұзындығы 1,2 шақырым болатын көшеде 90-ға жуық тұрғын үй бар.