Той – жақсылық нышаны

Расы керек, тойдың кеш басталуына той иесі емес, белгіленген уақыттан кештеу келетін тойшыл қауымның, яғни қонақтардың өзі кінәлі. Көбінде солай.
«Той иесі қандай көңіл күйде жүр?», «Соның орнында өзім болсам қайтер едім?» деген ой ешкімнің басына кіріп-шықпайды. Кіріп-шықпаған соң да той мәдениеті сақтала бермейді. Түптеп келгенде, той мәдениеті дегеніңіздің өзі не? Біздіңше, ең алдымен, тойға шақырылған мерзімнен 15-20 минут ерте келу. Осы аралықта той иесіне көңілқостығыңызды шынайы жеткізу. Тойда отырған жалғыз сіз ғана емессіз. Сондықтан даурықпай, даңғазалыққа бармай, айналаңызға жылы шуағыңызды шашып, мейірленіп отыру. Тойға шын ықыласпен келгеніңізді танытып, қабағыңызды ашып, әрбір қойылымға, әншіге ықыласпен зейін салсаңыз, бұл сіздің шынайы тілектестігіңізді көрсетеді. Алдыңыздағыны сыпыра соғып, түкірігіңізді шашыратып, алыпқашты әңгіме жетегіне ерсеңіз, мұны ешкім қоштай қоймасы анық. Тағы бір айтарымыз, тойға кешіктіңіз екен, мархабат, жолыңыз ашық, жұрттың да мазасын алмай, өзіңіз де орын іздеп әуреленбей, қайта бергеніңіз абзал. Той иесі қысылып-қымтырылмай-ақ той басталатын уақыт келіп жеткенде есікті іштен іліп алуына неге болмасын? Сізді сыйламады екен, сіз неге оны сыйлауыңыз керек? Әрине, қатты айтып отырғанымызды өзіміз де сезіп отырмыз. Бірақ соңғы уақыттағы той осылай айтуға мәжбүрлейді.
«Қыз бергеннің назы бар». Таласпаймыз. Бірақ құдалар да тойға кешікпей келу жағын ойластырғаны жөн. Той алдында «гулянкаға» кеткен жастардың кешікпей келуін қадағалау жағы да бізде кемшін түсіп жатады. Осы жағын ойластыратын кез әлдеқашан жетті. Қалай болғанда да, тойға уақытылы келген қонақтарды сыйлау керек қой.
Адамдар онсыз да санаулы уақыттарын неге ұрлатады? Біз, тегі уақыттың бағасын білеміз бе? Тойды уақытылы бастаудың тәртібін ретке келтіретін тетік бар ма?
Бұл ретте Түркістан қаласының тәжірибесін неге енгізбеске?! Бүгінде мұнда тойды ерте бастап, ерте аяқтау үрдіске айналып келеді. Тәсілдері де өте қарапайым. Сағат түнгі он бірде тойхананың жарығы сөнеді. Осындағы тойханалар қауымдастығының қабылдаған ортақ шешімі осы. Сондықтан он бірге дейін қонақтарыңызға сөз беріп үлгеру керек десеңіз, тойды шақыру қағазында көрсетілген «Тойдың басталуы – 19:00» деген мерзімде бастауыңыз керек. Осы уақытта бастай алмай, ескі құдаларыңыз, ұжымыңыз, жиен-бөлелеріңізге кезек тимей қалса, кімге ренжисіз? Бұдан кейін қонақтарыңыз да тойға кешікпей келуді үйренеді. Үйренбей, қайда барады?
Той! Бұл ұлттық идеологияны қалыптастыратын, адамдарды топтастыра түсетін, қуанышты еселейтін қасиетті, жақсылықтың жиыны.Құдайдың қазынасы болатыны сондықтан. Ендеше, оған немқұрайды қарауға болмайды!