Жалағаштың іскер әйелдері бас қосты (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жалағашта «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Отбасы-ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі» тақырыбында отбасы қүндылықтары мен гендерлік мәселелерге арналған тренинг өтті.
Тренингке көп балалы әйелдер, аналар кеңесінің мүшелері және түрлі салада жетістікке жеткен әйелдер қатысты. Тренинг барысында қоғамдық қор директоры Нұрсәуле Мусаева ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда отбасының алатын рөлі зор екенін айта отырып, ардагер аналарды, үлгілі отбасыларды, түрлі салада жетістікке жеткен азаматшаларды марапаттады.
«Жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы-ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы тұрғыдан отбасын ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады», - деді қор директоры Н.Мусаева.