Қызылордадағы кәсіподақ ұйымы 863 мекемеде жалақыны өсіруге қол жеткізген
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызметкерлердің құқығын қорғау, олардың денсаулығын қадағалау мен мәдени іс-шараларға тарту үшін құрылған кәсіподақ комитеттерінің саны бүгінде ұлғайып келеді. Аймақта 1020 мекемеде кәсіподақ ұйымы тіркелген. Бұл туралы Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов брифинг барысында мәлімдеді.
Сонымен бірге брифингте салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қызылорда облыстық ұйымының төрайымы Райкүл Байназарова, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Қызылорда облысы филиалының төрағасы Асылхан Абылайханұлы, «ҚР Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Серік Мырзаханов атқарылған жұмыстарды баяндады.
Кәсіподақ ұйымы бар 1020 мекеменің 83 пайызы, яғни 847-сі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер. Мәселен, білім - 558, мемлекеттік - 176, мәдениет - 73, денсаулық сақтау саласында 40 ұйым жұмыс жасайды.
Серік Сағитжанұлының айтуынша, өңірде 6 ай ішінде 6000-нан аса мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдық шарттар тіркелген. Нәтижесінде 863 мекемеде төменгі жалақы көбейтілген.
«Еңбек шиеленістерін болдырмау, еңбек дауларын шешу бағытындағы жұмыстар нәтижесімен облыста жыл басынан әлеуметтік- еңбек даулары туындаған жоқ. Мәселелерді сотқа дейін шешу мақсатындағы құрылған Татуласу орталығы жұмысын жандандыру қажет»,-дейді бірлестік төрағасы.
Айта кетейік, Қызылорда облысы бойынша 2019 жылдың 2 тоқсанына жұмыс күшінің саны – 347,9 мың адам, жұмыспен қамтылған халық саны – 331,4 мың адам. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр.