Өңіріміздегі сотталғандарды қандай мәселелер алаңдатады?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/1, ЗК-169/5 түзеу мекемелерінде жаза өтеушілердің құқықтарының қорғалуы мен құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында облыс прокуроры Н.Бижанов бастаған облыстағы түрлі мекеме басшылары түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілерге кешенді жеке қабылдау өткізді.
Ашық есік күніне облыс әкімінің орынбасары М.Делмұханов, қоғамдық байқау комиссиясының төрағасы С.Теңізбаев, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Әлназарова, Ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесуде сотталғандар сот үкімдеріне және жаза өтеу жағдайы мен өздеріне қатысты жекелеген сұрақтар бойынша қабылдауларда болып, қойған сауалдарына жауап алды.
Сотталғандар денсаулық жағдайы, қылмыстық ісі бойынша мәселелерді көтерді. Мекеме әкімшілігінің ұстау жағдайы бойынша арыз-шағым болған жоқ.
Айта кетейік, бүгінде облыстағы түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың 82,4% жұмыспен қамтылып, құқы бұзушылық 92-ден 43-ке, өз-өзіне дене жарақаттарын салу 8 ден 4 ке екі есеге төмендеген.
Сонымен қатар, ЗК-169/1, ЗК-169/5 мемлекеттік мекемелеріне 4G форматындағы радиосигналдарды басатын заманауи құрылғылары орнатылып, құқық бұзушылықтардың алдын-алуға септігін тигізіп келеді. Мекеме аумағына өтетін қол жүктерін сканер арқылы тексеріп, ұялы телефон құралдары мен басқа да тиым салынған заттардың мекемелер аумағына заңсыз кіргізу деректері тоқтатылған.