Қызылордада магистральды жылу желілері қайта жаңартылды (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қалалық мәслихат депутаттары №3 жылу учаскесіне қарасты «Шұғыла» мөлтек ауданындағы 6 тұрғын үйге баратын ұзындығы 160 метр кварталаралық жылу желілерін ауыстыру жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда облыс орталығында жылу желілерінің ұзындығы 181 шақырым, оның ішінде жаңалауды қажет ететіні 81 шақырымды құрайды. Соңғы 6 жылда тиісті бюджет көздерінен 7 млрд 13 млн теңге бөлініп, ұзындығы 36,6 шақырымды құрайтын магистральды жылу трассалары мен желілері жөнделді.
Жалпы 696 көпқабатты тұрғын үй жылуға қосылған. Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қатаң бақылауда.
Сонымен қатар халық қалаулылары №12 кәріз су насостық станциясындағы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Айта кетейік, қаланың кәріз су жүйелерін бір қалыпты пайдалану жағдайына келтіру мақсатында биыл қалалық құрылыс бөлімі арқылы «Өңірлерді Дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019-2020 жылдар аралығында кәріз насосты станцияларының 23 данасына қайта жаңғырту жұмыстары бастау алды.