"Майданға кетіп барамын": Сенатор атанған Дана Нұржігіт жүрекжарды жазба арнады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Отандық танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт сенат депутаты атануына қатысты пікір білдірді. Белгілі журналист жаңа қызметінің асқан жауапкершілігін сезінетінін және халық үмітін ақтауға барын салуға уәде берді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Дана Нұржігіт Instagram желісінде сенат депутаты болып тағайындалуына қатысты пікірін білдіріп, өзіне үміт артқан көпшілікке алғысын жеткізді.
"Қадірлі оқырмандарым, қымбатты отандастар! Маған жолдаған құттықтауларыңызды оқып отырмын. Көп рақмет! Президент Жарлығымен маған жүктелген міндеттің мәртебесі қаншалықты биік болса, салмағы атан түйеге жүк боларлық соншалықты ауыр екенін жіті түсініп отырмын.
Халық аманатын көтеріп, көптің үмітін ақтау енді біздің буынға жүктеліп отыр. Арық сөйлеп, семіз шықсын деймін. Қал-қауқарымша адал еңбек етіп, ел өмірінен ажырамай, кабинет қызметкері емес, халық қызметшісі болуға ұмтыламын. Оны айтып отырған себебім: "Dara jol" хабары тоқтамайды.
Сол жердегі кездесулер, үлгі тұтар тұлғалардың ақылы, тәжірибесі, кеңесі халық пен заман тынысын, тіршілік тамырының соғысын сезінуге айтарлықтай септігін тигізері анық. Үлкен диірменге, майданға кетіп бара жатырмын. Атымды ерттеп, Батаңызды беріп, ақыл қосқан баршаларыңызға алғыс айтамын! Алла абырой берсін деймін. Зор құрметпен: Дана Нұржігіт" , - деп жазды ол.