Баян Алагөзова Оңтүстік пен Шығыста келіндерге көзқарас екітүрлі екенін айтты
Баян Алагөзова Шығысқа келін болғанын айтып, бұл өңірді Оңтүстікпен салыстырды, деп жазады 365info.
Танымал продюсер Баян Алагөзова «The real gap» бағдарламасында Оңтүстікке келін болса, ол жақта төңкеріс жасап жіберуі мүмкін екенін айтты.
«Өз еркімен күңнің күйіне дейін түсіп кеткен бірнеше қызды білемін. Олардың көбісінің күйеуі оңтүстіктің азаматтары. Шығыста олай деп айта алмаймын. Себебі мен алғашқыда Шығыстың келіні болдым, енді Батыстың келінімін. Оңтүстіктің келіндері сияқты езгіні көрген емеспін. Келін келсе болды үй қызметкері жұмыстан шығады. Қандай бақуатты адамдар болмасын. Келін үй шаруасының адамы деген түсінік бар. Келін үйдің бар тірлігін істеуге міндетті. Кейде істесе де жақпайды, бәрібір бірдеңесі ұнамай тұрады. Бұл келіндерге қорлық көрсету.
Бәрі дей алмаймын, бірақ көбі келінді «менің артымнан жинап жүруші адам» деп қабылдайды.
Егер мен Оңтүстік Қазақстанға келін болсам, ол жақта төңкеріс жасар ма едім (күледі). Өйткені қыз балаға ондай қарым-қатынас жасауға болмайды. Әрине, енесі бізде осындайдан өткенбіз деп айтады. Өзі де сол қарым-қатынасқа өкпесі қара қазандай болған соң ашуын басқа келіндерден алады. Қоғамда «келін деген өз ойы жоқ күң» деген түсінік санамызға сіңіп барады. Өз көзқарасын білдіре алмайтын, аузын жауып отыруы керек адам ол. Бұл құқықтық мемлекетте дұрыс нәрсе ме осы?», — дейді өз сұқбатында Баян Алагөзова.