Қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін азаматтар жауапкершілікке тартылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордадағы «Квадрат» жедел - профилактикалық іс-шарасы №3 әкімшілік аймақта өз жалғасын тауып, қаланың ескі базар және 3-күрделенген квартал, Қазыбек би көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер мен аулалары, жайма базарлары мен сауда орындары және осы маңдағы құрылысы аяқталмаған ғимараттар полицияның тексеруімен қамтылды.

«Аталған аумақтарда тұратын полицияның профилактикалық және тізімдік есебіне алынған 17 азамат және 30 азаматтық қару иелері мекен-жайларынан араланып тексерілсе, спирттік ішімдікке құмар азаматтардың жиналуы мүмкін орындары, пәтерлер, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен шатырлары және құрылысы аяқталмаған ғимараттар тексеруден өткізілді.
Сондай-ақ, сауда орындары мен жайма базарларды аралау кезінде әртүрлі мақсатта жүрген Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларының 13 азаматы ұсталып, олардың жеке бастарын анықтау мақсатында қабылдау-тарату орнына жеткізілді. Жеткізілген азаматтардың жеке бастары анықталған соң оларға тиісті әкімшілік шаралар көру үшін ҚПБ-ның Көші-қон қызмет бөліміне жолдауға құжаттар жинақталуда», - делінген департаменттің таратқан мәліметінде.
Профилактикалық іс-шара барысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 200-бабының 1-бөлімі немесе ҚР-ның заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұза отырып, жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға алкоголь өнімін сатудың 1 дерегі және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 200-бабының 3-бөлімі немесе ҚР-ның заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұза отырып, алкоголь өнімін 21:00-ден кейін бөлшек сауда арқылы өткізудің 1 дерегі анықталып, магазин сатушыларына әкімшілік хаттама толтырылды.
Жедел профилактикалық іс-шара барысында учаскелік полиция және азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының қызметкерлерімен аталған квадратта тұратын барлығы 30 қару иелері мекен-жайларынан тексеріліп, нәтижесінде қаруды сақтау ережелерін бұзғандары үшін 2 қару иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, қарулары уақытша тәркіленді.
Іс-шаралар алдағы күндері жалғасатын болады.
