Түлектер 100% ЖОО-на қабылданды – НЗМ
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 158 түлегі отандық және шетелдік оқу орындарына қабылданды, деп хабарлайды мектептің баспасөз қызметі.
Түлектердің 98% білім гранттарын иеленіп, еліміздің және алыс-жақын шетелдердегі әртүрлі университеттерінде білімдерін жалғастыратын болады.
Өткен жылдың статистикасымен салыстырар болсақ, биылғы жылдың түлектері арасында Назарбаев Университетіне оқуға түскендердің саны артты. Халықаралық деңгейдегі орталықта тағы 30 қызылордалық зияткер қалаған мамандықтар бойынша грант негізінде білім алуға қолжеткізді.
Мектептің оқу бағдарламасының халықаралық мойындалуының нәтижесінде, әрі жоғары академиялық білімдерінің арқасында 10 аса жас зияткер Гонконгтың, Венгрияның, Ресейдің беделді университтеріне оқуға түсіп, медицина, инженерия, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтар бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Сондай-ақ, 2019 жылғы түлектердің басым бөлігі медициналық, техникалық, педагогикалық, әлеуметтік, гуманитарлық және ІT бағытта білім беретін еліміздің алдыңғы қатарлы университеттерінің грант иегерлері атанып, бүгінде аталмыш білім ордаларына құжаттарын тапсыру үстінде.
Айта кетейік, 5 жылда мектептен түлеп ұшқан 540 жас зияткер 100% ЖОО-на қабылданып, еліміздегі сұранысқа ие мамандықтар бойынша түрлі мемлекеттерде білім алуды жалғастыруда.