Төрт күн тоқтамай жүгірген...
Виталий Диденко есімді марафоншы ерекше рекорд орнатты: ол 96 сағат тоқтаусыз жүгірген. Ұйқысыз.
Орыс спортшысы төрт тәулік бой Адыгея Республикасындағы Гиаганск саябағында жүгірген. Виталий Диденко бұған дейін 480 шақырымға созылған ультрамарафонда және Ironman экстрим-жарысында (4 шақырымға жүзу, 18 шақырым велоржарыс, марафон) бақ сынаған. 23 жастағы спортшы Sports.ru басылымына берген сұқбатында қалай дайындалғанын, қандай қиындықты бастан кешкенін айтып берді. 96 сағат жүгіру мүмкін бе?
– Алғаш рет ұйқысыз 3 тәулік жүгірдім. 5 сәуір күні болатын. Жалпы алғанда 480 шақырымды бағындырыппын. Америкалық Дин Карнезистің 3 күнде 560 шақырымды бағындырып орнатқан рекордын жаңартқым келді. Бірақ қолымнан келмеді.
Алайда 3 ай өткен соң рекорд орнаттым. Оны "Интеррекорд" халықаралық жетістіктер сайтында ресми тіркейтін болады. Бұл жолы 4 тәулік – 96 сағат жүгіруге бекіндім. Арманым орындалды.
Рекорд Адыгея Республикасындағы Гиаганск саябағында тіркелді. 280 метр үшбұрыштың бойымен жүгіріп отырдым. Басым айналған жоқ, ештеңе ойламауға тырыстым. Тек музыка тыңдап жүгірдім. Әр сағат сайын жуынуға, массаж жасатуға 10 минуттық үзіліс алып отырдым. Ал соңғы 3 күнде массаж жасатуға 1 жарым сағаттан үзіліс берді.
Қашықтықтың басым бөлігін жүгіріп өттім, кейде жылдамдығымды бәсеңдетіп, жүрген кездерім болды. Басты ереже - 96 сағат ұйқысыз қозғалуым қажет еді.
Тоқтаусыз төрт тәулік жүгіру
Төрт тәулік көз ілмеу қиынға соқты. Енді біреу рекордымды қайталауға тырыса ма, білмеймін. Ары қарай – бес күн. Осынша уақыт ұйқысыз жүгіру – өліммен тең. 6 тәулік ұйықтамау мүмкін емес деп оқыған болатынмын.
Алғашқы екі күн мәрені асыға күттім, үшінші, төртінші тәулікте ондай сезім болған жоқ. Мәреге жеткеннен соң бұдан ары күшім жететінін түсіндім. Бірақ ұйықтамағанның салдарынан көз алдыма түрлі нәрселер елестей бастады. Тек салқын судың арқасында есімді жиып отырдым.
Бірінші күн өте ауыр өтті. Өзімді жайсыз сезіндім, қан қысымым көтеріліп кетті. Оның үстіне 2-3 күн жауын жауып, артынан ауа-райы бірден ысып кетті. Қан қысымым бірде көтеріліп, бірде түсіп отырғаннан өзімді нашар сезіндім. Алғашқы екі тәулікте ұйқым келіп, аяқтарым, табаным мен буындарым сырқырап ауырды.
Үшінші күн аса бір есімде қалмапты, ал соңғы күн өте ұзақ өтті. Өйткені мәре жақындап келе жатқанын түсінесің. Асыға күтесің. Оған қоса су ішпей, жүгіре бергендіктен ернім жарылып, мазам қашты. Өзімді жайсыз сезіндім.
Қалай дайындалдым?
Төзімді болуға дайындалдым. Алыс қашықтыққа, әр түрлі қиындықтарды бағындыруға жүгірдім. Санкт-Петербургта бір маманнан медитация жасауды үйрендім. Жақсы ойдың арқасында ауырсынғанымды сезбей, ештеңеге мән бермей жүгіре бере аламын. Әрине, 10 минуттық демалыс кезінде барлық денем ауырады. Аяғыма ине тығып жатқандай. Өте ауыр. Төрт күн тас жолда жүгіруді ойлап көріңізші.
Жүгіру кезінде қалай тамақтанады?
Бастапқыда спорттық тағамдарды тұтындым, артынша көмірсуларды. Бойыма күш-қуат беретін барлық тамақты жедім: пиццадан бастап бәліш, макарон, сорпа, кептірілген жеміс, бананға дейін жеп көрдім. Өйткені бір спорттық тағаммен кеткен күш-қуатты қайта қалпына келтіре алмайсың. Үзіліс кезінде де, жүгіру кезінде де тамақтандым. 10 минутта көп нәрсеге үлгермейсің. Не массаж, не жуынуды таңдау керек болды.
Жүгіру кезінде қажет заттардың бәрін алдын ала дайындап қойдым. Қасымда керек заттарды алатын арнайы адам жүрді. Күні-түні жедел жәрдем қасымда болды. Достарым, әріптестерім, ұйымдастырушылар - барлығы көмек қолын созды.
Бәрі біткеннен соң бір тәулік бойы ұйықтадым. Үйге келе салып, салқын душ қабылдадым да төсекке қарай ұмтылдым. Арасында бір оянып, тамақ іштім қайта ұйқыға кеттім. Алғашқы күндері аяғым қатты ауырды. Ұйқы ағзаны қалыпта келтірудің бірден-бір жолы.
Рекорд үшін не береді?
Әрине, рекорд жасаған адамға қаржылай сыйақы берсе дейсің. Бірақ сертификаттан басқа ештеңе алмадым. Меніңше, осындай ерекше қадамдарға барған спортшыларды республика не қала басшылығы ынталандыру қажет. Не дегенмен ерекше сәт қой.
Әлеуметтік желіде мені жамандағандар да, мақтағандар да болды. Негізінен төсекте жатып, ештеңе бітірмегендер сынайды. Кейбіреулер мұны өтірік деп сенбей жатты. Бірақ мені 96 сағат бойы тоқтаусыз камералар түсіріп тұрды.
Мұндай жарысқа қатыспағандар ешқашан қалай қиын болғанын түсіне қоймас. Мысалы, дзюдодан Олимпиада чемпионы Арсен Галстян жүгіру алдында маған сәттілік тіледі. Жетістікке жеткен спортшылар өзге адамдар туралы жаман сөз айтпайды.
Не үшін?
Саябаққа мені қызықтауға келген адамдар көп болды. Өзімнің жанкүйерлерім де, басқа қаладан келгендер де қолдау көрсетті. Мен спортшымын және осы салада бір жетісікке жетуді қалаймын. Осы жолда мемлекет не қала қолдау көрсетсе екен деймін. Өйткені кез келген спортшыға қолдау қажет. Онсыз ештеңеге жете алмайсың. Дегенмен бұл менің соңғы рекордым деп ойламаймын. Демалып, бабыма келгеннен соң басқаларын да қарап көреміз.
Жастарды ынталандырғым келеді. Әрине, ешкім төрт тәулік ұйқысыз жүгіре қоймас. Мен бұл қадам арқылы жастардың, халықтың спортқа деген қызығушылығын оятқым келді. Ең бастысы қызығушылық болса, қалғанын әр адам өзі анықтап алады.