Қызылордада «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы өтіп жатыр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы аясында нұротандықтар 150 балғынды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.
Жыл сайын партияның бастамасымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан акцияның мақсаты әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларын мектепке даярлауға қолдау білдіру.
Игі шара партияның «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» жобалары аясында өтіп отыр. Акцияның алғашқы кезеңі Қызылорда қаласындағы «Жібек жолы» сауда үйінің ойын-сауық орталығында басталды. Мұнда 70 балаға ішінде мектеп құралдары салынған сөмкелер сыйға беріліп, балмұздақ сертификаты үлестірілді. Сондай-ақ балғындар кинотеатрдан сүйікті мультфильмдерін тамашалады. Дәл осындай акция облыстың барлық аудандарында жалғасын тапты. Партиялықтар жаңа оқу жылына дейін мұндай шараны бірнеше мәрте ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұған партияның барлық құрылымдық бөлімшелері мен мәслихаттардағы депутаттық фракциясының мүшелері де атсалысуда.
«Біз бұл акция аясында тек мүмкіндігі шектеулі балғындар мен арнаулы әлеуметтік көмекті ала алмайтын, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың бірінші сыныпқа баратын балаларына көмек көрсететін боламыз. Мұны өзге ата-аналар түсіністікпен қабылдауы қажет. Акцияға «Nur Otan» партиясының «Жас Отан» ЖҚ, барлық мәслихаттардағы депутаттарымыз, бастауыш партия ұйымдары да қолдау көрсетуде. Осы орайда біз барлық осы облыс тұрғындарын «Nur Otan» партиясымен қолға алынып жатқан «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясына белсенді қатысуға шақырамыз», - дейді облыстық партия филиалы саяси жұмыстар бөлімінің басшысы Алтынбек Жарылқасынов.